Жұмыссыздарға берілетін жәрдемақы қысқарады

2026 жылғы 1 қазаннан бастап жұмысынан айырылған азаматтарға берілетін әлеуметтік төлемнің тәртібі өзгереді. Жаңа механизм пилоттық жоба аясында енгізіледі.

Өзгеріс 1 қазаннан бастап жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алуға құқығы пайда болған азаматтарға қатысты болады.

Төлем ең көбі 3 ай беріледі

Жаңа тәртіп бойынша төлем мерзімі адамның міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты анықталады:

  • 6–12 ай — 1 ай;

  • 12–24 ай — 2 ай;

  • 24 айдан жоғары — 3 ай.

Яғни бұған дейінгі ең ұзақ 6 айлық төлем мерзімі ары кетсе 3 айға дейін қысқарады.

Ең жоғары төлем — 267 750 теңге

Қазір жұмысынан айырылған азаматтарға төленетін әлеуметтік төлем соңғы 24 айда әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыстың 45%-ы негізінде есептеледі.

1 қазаннан бастап оның ең жоғары мөлшеріне шектеу қойылады. Төлем 7 ең төменгі жалақының 45%-нан аспайды.

2026 жылы ең төменгі жалақы 85 мың теңге болғандықтан:

85 000 × 7 × 45% = 267 750 теңге.

Демек, 1 қазаннан бастап жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері 267 750 теңге болады.

Үш лайықты жұмыстан бас тартса, төлем тоқтайды

Әлеуметтік төлем алу үшін азамат жұмыссыз мәртебесінде болуы және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысуы керек.

Егер мансап орталығы азаматқа үш лайықты жұмыс орнын ұсынса және ол үшеуінен де бас тартса, жұмыссыз ретінде тіркеуден шығарылады. Бұл жағдайда әлеуметтік төлем де тоқтатылады.

Лайықты жұмыс кез келген бос орын емес. Мансап орталығы адамның мамандығын, біліктілігін, тәжірибесін, денсаулығын, жұмыс режимін және көлік қатынасының қолжетімділігін ескеруі тиіс. Басқа өңірге көшу арқылы жұмыс істеу тек азаматтың келісімімен ұсынылады.

Үш айдан кейін не болады?

Егер үш ай ішінде азаматқа лайықты жұмыс табылмаса, әлеуметтік төлем мерзімі ұзартылмайды.

Оның орнына қайта даярлау және шәкіртақы алу, қоғамдық жұмыстарға қатысу, жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары немесе кәсіп ашуға көмек сияқты жұмыспен қамту шаралары ұсынылуы мүмкін.

Сондай-ақ мемлекеттік қолдаумен басқа өңірге ерікті түрде көшу мүмкіндігі қарастырылған.

Қазір қанша адам төлем алады?

2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанда 287 459 адам жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алып отыр.

Оның орташа мөлшері — 102 384 теңге.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, төлем мерзімін қысқарту бюджет шығынын азайту мақсатында енгізіліп отырған жоқ. Ведомство бұл шараны халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу тетігін күшейтумен байланыстырады.

Жаңа механизм Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қаржыландырылады.