"Оценка собственности VP" ЖШС бағалаушысы, жылжымайтын мүлік нарығының сарапшы-кеңесшісі Анна Шацкая krisha.kz порталына берген сұхбатында жыл соңына қарай үй бағасының арзандайтынын айтты.
"Қазір карантин уақытында кейінге қалдырылған сауда мен келісімшарттар жасалып жатыр. Наурыз айында баспана саудасы 6-20 % төмендесе, сәуір айында наурызбен салыстырғанда 86% құлдырады.
Банктердің ашылуы мен ипотекалық бағдарламалардың пайда болуы және оған қоса доллармен салынған депоизттердің өсуі сұранысты арттырады. Үй бағасы әзірге өзгеріссіз. Сатып алушылардың да сұранысы өзгермеді.
Дегенмен, нарықта бағаның төмендеуіне алғышарттар бар. Ең қиын уақыттар әлі алда. Доллардағы депозиттер сұранысты көпке дейін ұстап тұра алмайды. Бірнеше айдан кейін халықтың сатып алу қабілеті төмендеп, жұмыссыздық белең алып, табыс азайып, сауда мен бағаның төмендеуін байқаймыз.
ХВҚ мен ЕДҚҚБ мәліметінше, жұмыссыздық бізде 4.8%-дан 7.8%-ға жетеді. Ал ІЖӨ 3% төмендейді. Осымен бірге үй бағасы да төмендейді. Үй бағасы 3-7% аралығында төмендеуі мүмкін", - дейді Анна Шацкая.
Бағаның өзгеруі үйдің сегментіне де байланысты. Эконом және комфорт санатты үйлердің бағасы айтарлықтай өзгермеуі мүмкін, бірақ бизнес санаттағы үйлер жыл соңына дейін 5-7% төмендейді.
Дегенмен, сала мамандарының кейбірі үйдің керісінше қымбаттайтыны да болжайды. Dana Holdings даму директоры Вячеслав Лазаревтің айтуынша, төтенше жағдайға байланысты халықтың төлем қабілетінің төмендеуі мен жұмыссыздық қысқамерзімді болғандықтан, жыл соңына дейін баспана нарығы қалпына келеді. Нәтижесінде эконом санаттағы үйлер 5-7% қымбаттап, жоғары санатты үйлер аздап арзандауы ықтимал.
Ал BI Group компаниялар тобының PR директоры Юрий Дороховтың айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласында үй бағасы жыл соңына дейін 11%-ға дейін қымбаттауы ықтимал.
Жылжымайтын мүлік нарығының тағы бір сарапшысы Елена Гриваның айтуынша, құрылыс компаниялары девальвацияға байланысты құрылыс материалдарының қымбаттауынан үйдің бағасын көтергенімен, оны сатып алушылардың саны төмендемек. Жаңа үйлердің қымбаттауы қайталама нарықтағы үйлердің де бағасына әсер етпек. Дегенмен, сұраныс төмендесе, үй иелері бағаны қайта түсіруі ықтимал.