Статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылғы мамыр 2021 жылғы сәуір аралығында азық-түлік 0,8%, азық-түлік емес тауарлары 0,6%, ақылы қызметтер 0,7% қымбаттады.
Азық-түлік бағасы ай сайын 0,7-1,1 пайыз аралығында (әр айда әрқалай) өсіп отыратыны белгілі. Ал азық-түлк емес тауарлар бұл көрсеткіштің тек жартысына ғана жететін. Яғни азық-түлік емес тауарлардың ай сайынғы қымбаттауы орташа есеппен 0,5 пайыз аралығында болатын. Ақылы қызметтер тіпті бұдан да төмен болушы еді.
Мәселен, 2020 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша, азық-түлік бағасы 11,3 пайыз өссе, азық-түлік емес тауарлар 5,5 пайыз, ақылы қызметтер 4,2 пайыз қымбаттаған. Демек ай сайын былтыр азық-түлік 1 пайыз айналасында, азық-түлік емес тауарлар 0,5 пайыз айналасында, ал ақылы қызметтер 0,4 пайыз айналасында өскен деген сөз.
Ал қазіргі өсім қарқынына қарайтын болсақ, жыл соңына дейін азық-түлік те, азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтер де 10 пайыздан аса қымбаттау қаупі бар.
Жекелей тоқталар болсақ, бағаның өсуі қызылшаға – 27,7%, сәбізге – 16,1%, картопқа – 11,1%, күнбағыс майына – 3,3%, қой етіне – 3,2%, қырыққабатқа – 3%, құмшекерге, жаңа жиналған жемістерге – 1,7%-дан, жармаларға, макарон өнімдеріне, құс етіне – 1,3%-дан, шайға – 1,2%, ет өнімдеріне – 1,1%, ұнға, сары майға – 1%-дан, сүтке 0,8% белгіленді. Минералды және ас су – 2%, салқындатылған сусындар – 1,7%, алкогольды сусындар 0,9% қымбаттады. Бағаның төмендеуі қиярға – 23,4%, қызанаққа – 17,2%, жұмыртқаға, апельсиндерге 2,8%-дан тіркелді.
Баға өсімі автомобильдерге – 2%, шыны және қыш бұйымдарға – 1%, ыдыс-аяққа – 0,9%, жуғыш және тазалағыш құралдарға – 0,8%, киім және аяқ киімге – 0,7%, құрылыс материалдарына – 0,6%, жеке қолданылатын тауарларға 0,4% құрады. Бензин – 1,8%, баллондағы сүйытылған газ – 1,2%, дизель отыны 0,9% қымбаттады.
Баға деңгейі моншаға бару – 2%, санаторийлер қызметтеріне – 1,9%, кабельдік телевизия қызметтеріне – 1%, шаштараздар мен сұлулық салондар қызметтеріне, қонақ үйлер қызметтеріне – 0,9%-дан, қоғамдық тамақтандыру қызметтеріне 0,6% жоғарылады. Жолаушылардың әуе көлігімен жол жүру ақысы – 8,7%, қалалық автобуспен 1,4% қымбаттады.
Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер қоқыс шығаруға – 5,7%, электр энергиясына 1,7% жоғарылады, ал ыстық суға 1% төмендеді.