Ұзындығы 427 шақырымдық "Қызылорда-Жезқазған" автожолын (Қызылорда облысы бойынша – 218 шақырым, Қарағанды облысы бойынша – 209 шақырым) жөндеу жұмыстары 2022-2024 жылдарға арналған "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобалар тізбесіне енгізілген, деп хабарлайды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.
Айта кету керек, Қызылорда облысының аумағы арқылы өтетін автожол учаскесі бойынша қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Келісімшарт жыл соңына дейін жасалуы тиіс.
Қарағанды облысы бойынша өтетін учаскеге қатысты тиісті техникалық-экономикалық сараптамалар жүргізіліп жатыр. Байқау қараша айында жарияланады деп жоспарланған.
Жалпы жоба Қызылорда қаласын айналып өтетін ұзындығы 15 шақырымдық 4 жолақты І техникалық санатты айналма жол салуды, сондай-ақ ұзындығы 412 шақырымдық учаскені ІІ техникалық санатта 2 жолақты асфальт-бетон жамылғысымен қайта жаңартуды қарастырады.
Жоба аясында 2 көлік айырығын, 6 көпір, 24 мал өткелін, ауыл шаруашылығы техникасына арналған өтпе жолдарды, 150 су өткізу құбырларын, күркелері, эстакадалары бар 12 демалыс алаңын, 11 жылы санитарлық-гигиеналық торап, елді мекендерде жарық орнатылатын 2 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін салу жоспарлануда.
Қайта жаңартудан кейін көліктер үшін жылдамдық сағатына 120 шақырымды құрайды.
Жалпы, толық ауқымды құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады.
Жобаны іске асыру жолдың өткізу қабілетін тәулігіне 7 мың көлікке дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ құрылыс-монтаждау жұмыстары басталғанда 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.