Жеке тұлғалардың банкроттығын енгізу мәселесі қайтадан көтерілді.

Мәжіліс депутаты Андрей Линник Алматыдағы мүліктік дауға байланысты бес адамның қаза болуынан кейін жеке тұлғалардың банкроттығын енгізу қажеттігін айтты.

"Осыған байланысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен қарыз алушының құқығын бұзбай, банктерге мүлікті төмен бағалауға жол бермеуді талап етеміз. Және кепілдегі мүлікті сатуда банктегі лауазымды тұлға мен сот орындаушыларының өзара келісуіне де жол бермеуді талап етеміз. Осындай жағдайлар қайталанбауы үшін дереу "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң жобасын дайындау қажет", деді депутат.

Депутаттың айтуынша, бұл трагедияны тек тәртіп сақшылары ғана емес, қаржы реттеушілері де зерттеуі керек.

Трагедияның себебі банк пен қарыз алушының басындағы жалғыз үйіне таласуы болған. Ашық деректерге сай, борышкер банкке 121 млн теңге қарыз болған. Ал банк оның 184 млн теңге тұратын ғимаратын тек 96 мың теңгеге бағалап сатып жіберген. Одан кейін оның басындағы жалғыз үйіне таласқан.

"Осы орайда Ұлттық банк халықтың қарызға белшесінен батқанына назар аударуы керек. Оның бір себебі базалық мөлшерлеменің жоғарылығы. Оған сот шешімінің әділетсіздігін қосыңыз. Біз бірнеше рет "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң жобасын көтергенбіз, бірақ оны Үкімет тоқтатып тастай береді", деді депутат.

Депутаттың пікірінше, кепіл мүлікті бағалауда баға бар болғаны 10-15% ғана өзгеруі керек. Өйткені кепілді рәсімдеу кезінде онсыз да 30-40% арзан көрсетіледі.