Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй мәселесін шешу үшін «5-10-20» бағдарламасын іске қосуды тапсырды.
«Экономиканың өсімі мен жұмыспен қамтудың және әлеуметтік қолдаудың қуатты стимулы – қолжетімді тұрғын үй құрылысы болуы керек. Елбасы бастаған «7-20-25» бағдарламасы тұрғын үй құрылысы бойынша ипотекалық несиелеуге үлкен серпін берді. Кезекте тұрған адамдарды несиелік тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жаңа «5-10-20» бағдарламасын іске қосуды тапсырамын», - деді Президент төтенше жағдайды қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік комиссия отырысында.
Бұл тапсырманы орындау үшін Мемлекет басшысы 390 млрд теңге бөлінетінін мәлім етті.
«Биыл елде рекордық деңгейдегі – 15 млн шаршы метр немесе 150 мың үй мен пәтер салынады. Азаматтарымыздың тұрғын үй жағдайын жақсарту жұмысын жалғастыру керек. Бұл – Үкіметтің стратегиялық бағыттарының бірі», - деді Президент.
«Үкімет жыл соңына дейін «Тұрғын үй жинақ банкі» негізінде тұрғын үйді бөліп беріп отыру, есеп жүргізу жұмыстарын орталықтандыратын толыққанды даму және қолдау институтын - «Отбасы банк» құру керек», - деді Мемлекет басшысы.
Бұл саланы жүйелі түрде өзгерту жұмысы күтіп тұр. Осылайша азаматтар өзінің зейнетақысының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағыттай алады.
«Мен бұрын мұндай тапсырма бергенмін. Бірақ ТЖ режиміне байланысты бұл жұмысты талқылау созылып кетті. Шешім қабылдайтын уақыт жетті. Үкімет 1 шілдеге дейін өз амал-әдістерін айқындауы керек», - деді Тоқаев.