Павлодар облысында Екібастұз қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында электр энергетикасы саласында үш инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді.
Ведомство басшысы Екібастұз қаласы елдің энергетикалық орталығы болып табылатынын және онда бүкіл ел генерациясының 40%-дан астамы өндірілетінін атап өтті. Екібастұз ГРЭС-1 және ГРЭС-2 Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің солтүстік және оңтүстік аймағының негізгі энергия көздері болып табылады.
- Екібастұз ГРЭС-1-дегі №1 Энергия блогын қалпына келтіру.
Жобаны іске асыру мақсаты станция қуатын 500 МВт-қа ұлғайту болып табылады. Бұл Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесіндегі тұтынудың болжамды өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Инвестициялар сомасы 66,5 млрд. теңгені құрайды. Жобаны іске асырушы – «Самұрық-Энерго» АҚ-ы. Қазіргі уақытта Екібастұз ГРЭС-1 жобасының дайындығы 41,8%-ды құрайды. Жобаны аяқтау 2023 жылдың соңына жоспарланған.
- Екібастұздағы ГРЭС-2 үшінші энергия блогын салу
Жоба 2025 жылға дейін қуаты 636 МВт жаңа энергия блогын салуды көздейді - станцияның белгіленген қуаты 1 636 МВт-қа дейін ұлғайтылатын болады. Жобаны іске асырушы – «Самұрық-Энерго» АҚ-ы. Қазіргі уақытта жобаның ЖСҚ түзету бойынша жұмыстар жүргізілуде, олар ағымдағы жылдың желтоқсан айында аяқталатын болады.
- Қуаты 500 килоВольт жаңа кіші станция салу.
Екібастұз қаласының индустриялық аймағын электрмен жабдықтау екі жаңа электр беру желісін салу арқылы жүзеге асырылатын болады. Жобаны іске асырушы – «KEGOC» АҚ-ы. Болжамды құны шамамен 16 млрд. теңге. Техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуді 2022 жылдың II тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру өндірістік объектілерді кеңейтуге және индустриялық секторға ірі инвесторларды тартуға ықпал ететін болады.
Бұдан бөлек, Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Павлодар облысы Екібастұз қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарын таныстырды.
Кешенді жоспар инвестициялық жобаларды іске асыруды, тұрғын үй және өзге де инфрақұрылымды, әлеуметтік саланы дамытуды, азаматтық қорғауды қамтамасыз етуді көздейтін 114 іс-шарадан тұрады.
«Жоспарды жалпы іске асыру сомасы 932,8 млрд теңге. Бұл ретте қомақты үлес жеке инвестицияға тиесілі, ол 834,6 млрд теңге, республикалық бюджет - 64,7 млрд теңге, жергілікті бюджет 33,5 млрд теңге», - деді Ә. Ерғалиев.
Екібастұз қаласында өнеркәсіпті, АӨК, энергетика мен кәсіпкерлікті дамытуға 822,3 млрд теңгеге 35 іс-шара жоспарланған.
Жоспарға сәйкес, Екібастұзда 400 га индустриалдық аймақ, ферроқорытпа, техникалық кремний, металлургиялық көмір электродтары, темір жол үшін соғылған өнім шығаратын зауыттар салынады және көмір өндірудің автоконвейерлік технологиясы енгізіледі.
АӨК-те жылыжай алаңы 30 га-дан 60 га-ға дейін ұлғаяды. Нан-тоқаш және макарон өнімін шығаратын кешендер, 2 бордақылау алаңы салынып, сондай-ақ суармалы жерлерді 10 мың га-ға көбейту жоспарлануда. Энергетика саласында жалпы қуаттылығы 1136 МВТ 2 энергиялық блок салынады.
Кәсіпкерлікті дамытуға келсек, «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Еңбек» бағдарламалары шеңберінде кәсіпкерлердің кредиті бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар ұсыну көзделген. Бұдан басқа, «Business Ertis» өңірлік жобасы іске асырылады.
2025 жылға дейін тұрғын үй, инженерлік-коммуникациялық және жол инфрақұрылымын дамытуға 84,9 млрд теңге қарастырылған.
Осы бағыт бойынша 50 шақырым магистральдық және орамішілік жылу желісін салу және қайта жаңарту; 104,7 шақырым сумен жабдықтау және су тарту желісін салу және қайта жаңарту; 32,5 шақырым су құбыры желісін салу және 2 тазарту сорғы стансасын қайта жаңарту жоспарланған. Бұдан басқа, жеке тұрғын үй құрылысына 370 учаске бөлінеді.
Әлеуметтік дамуға ерекше рөл беріледі. Денсаулық сақтау мен білім беру жүйесіндегі қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін заманауи инфрақұрылым жасалады. Денсаулық сақтау саласында материалдық-техникалық база нығайтылып, 350 орындық балалар шығармашылығы орталығы салынады. 20 мектепте күрделі жөндеу жүргізіліп, 320 орындық балабақша жөнделеді.
Қаладағы мәдени-көпшілік іс-шараларды және спортты дамыту үшін «Исабек Ишан Әзірет» мұражайы, 2 мәдениет үйі, мұз аренасы, 20 стрит-воркаут пен 10 стритбол алаңы салынады.
ҰЭМ басшысы атап өткендей, қаланың экологиялық жағдайын жақсарту басты міндеттің бірі. Сондықтан Кешенді жоспар бірқатар іс-шараны қамтымақ. Оның ішінде атмосфералық ауаға шығарындыны азайтатын кәсіпорындарды жаңғырту, сондай-ақ ҚТҚ-ны бөлек жинауды енгізу, қоқыс тастайтын жерлерді жою және т. б. бар.
Кешенді жоспарды тиімді іске асыру 2025 жылға қарай өнеркәсіп көлемінің өсуін 22%-ке, ШОБ өнімін шығаруды 38,2%-ке, орташа айлық жалақыны 321 мың теңгеге дейін арттыруды, 16,5 мың жаңа жұмыс орнын құруды қамтамасыз етеді. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі бес есеге артады. 200 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.
«Жоспардың түпкі мақсаты – Екібастұз қаласы тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту. Жоспар өңірдің дамуына тың серпін беріп, экономиканың өсу қарқынын күшейтуге мүмкіндік береді», - деді Ұлттық экономика министрлігі басшысы.