Биылдан бастап Қазақстан азаматтары зейнетақы жинағындағы қаржыны үй сатып алуға, жеке үй құрылысына, ипотекалық қарыздарын өтеу мақсатында және медициналық емдеу қызметтерін пайдалануға рұқсат берілді.
Жобаның уәкілетті операторы болып «Отбасы банк» бекітілді. Яғни зейнетақы жинақ қорындағы қаржыңызды аталған банктің enpf-otbasy.kz сайты арқылы көздеген мақсатыңызға пайдалана аласыз.
Зейнетақы қорындағы қаржыңызды бағдармала аясында пайдалану үшін неден бастауы қажет? Ол үшін ең алдымен, зейнетақы жинақ қорындағы пайдалана алатын жеткіліктілік шегінен асатынына көз жеткізіңіз! Оны cabinet.enpf.kz және enpf-otbasy.kz сайтынан біле аласы.
Жеткіліктілік шек дегеніміз – бұл зейнетақы жинақтарының алынбайтын (шешілмейтін) және БЖЗҚ салымшысының шотында қалуға тиіс ең төменгі қажетті сомасы. Бұл сома салымшының зейнетақы шотында болуы, салымшының табысынан БЖЗҚ-ға болашақ тұрақты жарналарымен бірге оған ең төменгі зейнетақы мөлшерінен төмен емес зейнетақы төлемдерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Клиенттер әр жас шамасы үшін белгіленген жеткіліктілік шегінен асатын қолжетімді ақша сомасын тұрғын үй жағдайын жақсарту және емдеу мақсатында пайдалана алады. Мысалы, егер сіз 35 жаста болсаңыз, сіздің жеткіліктілік шегіңіз 2 940 000 теңгеге тең, осы сомадан артық жинақтарыңызды сіз тұрғын үй жағдайын жақсарту және емдеу мақсатында пайдалана аласыз.
Қанша жастағылардың жеткілікті шегі қанша теңге екені төменде көрсетілген.
Егер зейнетақы қорыңыздағы қаржыңыз үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге жетіп тұрса, enpf-otbasy.kz сайтына кіріп төмендегі нұсқаулық арқылы сайтқа тіркелесіз:
- ХҚКО барып немесе онлайн egov.kz сайты арқылы Электрондық цифрлық қолтаңба (қысқаша ЭЦҚ) алып, pki.gov.kz сайтынан NCALayer бағдарламасын жазып алыңыз.
- «Отбасы банк» арқылы арнайы шот ашасыз
- enpf-otbasy.kz сайтына ЭЦҚ арқылы жеке кабинетіңізге кіресіз
- Өзіңізге қажеті мақсатты таңдап, соманы көрсетіп, өтінішті ресімдеңіз (2 жұмыс күнінде дайын болады)
- Өзіңіздің арнайы ағымдағы шотыңызға БЗТ-ны (Біріңғай зейнетақы төлемі) аударыңыз (5 жұмыс күні ішінде)
- Мақсатты растаушы құжаттарды енгізіп, қаражатты аударуға ресімдеңіз (45 жұмыс күні ішінде)
- Уәкілетті оператор («Отбасы банк») құжаттарды тексергеннен кейін қаражатты мақсаты бойынша аударады (10 жұмыс күні ішінде)
Зейнетақы қандай мақсаттарға пайдалануға болады?
- Ипотекалық қарыз бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеу
Ол үшін сізден мынадай мақсатты растауға арналған қажетті құжаттарды талап етеді:
- банктік қарыз шартының нөмірін, мақсатын, берешек қалдығын, деректемелерін қамтитын Банктің уәкілетті тұлғасының мөрі, қолы қойылған несие берешегінің болуы және қалдығы туралы анықтама. Анықтаманың жарамдылық мерзімі берілген сәттен бастап 15 күн
- «Отбасы Банкі» АҚ клиенттері: осы мақсат бойынша өтінім бергеннен кейін сізбен банк қызметкерлері хабарласады және рәсім мен қажетті құжаттар бойынша толық кеңес өткізеді.
- Ипотекасыз тұрғын үй сатып алу (толық сатып алу)
Өтінім беру үшін қажетті құжаттар тізбесі:
- уәкілетті орган тіркеген тұрғын үйді сатып алу-сату шарты, айырбастау, тұрғын үйге меншік құқығын растайтын, алушының және (немесе) жұбайының (зайыбының) және (немесе) жақын туыстарының атына ресімделген өзге де құқық белгілейтін құжаттар;
- уәкілетті орган тіркеген, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт/цессия шарты алушының және (немесе) жұбайының (зайыбының) және (немесе) жақын туыстарының атына ресімделген, көп пәтерлі тұрғын үйдің тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу арқылы тұрғын үйді сатып алған жағдайда \ ҚР үлестік қатысу туралы заңнамасына сәйкес көп пәтерлі тұрғын үйдегі үлесті беру туралы шарт;
- жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы уәкілетті органның құжаты (көппәтерлі тұрғын үйдің тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу арқылы тұрғын үй сатып алу жағдайларын қоспағанда)
- Отбасы банкте тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша ипотекалық тұрғын үй заемын алу
- Осы мақсат бойынша өтінім бергеннен кейін Банк қызметкерлері сізбен хабарласады және рәсім мен қажетті құжаттар бойынша толық кеңес беру өткізеді
- Ипотекалық қарыз алу үшін бастапқы жарна ретінде пайдалану
Мақсатты растауға арналған қажетті құжаттар тізбесі:
- ЕДБ-ның, ипотекалық ұйымның уәкілетті тұлғасының қолы қойылған, уәкілетті органның алушыға ипотекалық тұрғын үй қарызын мақұлдауы туралы (біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалана отырып) осындай қарыз бойынша бастапқы жарнаның сомасын, мақсатын және мөлшерін көрсете отырып, қарыз бойынша бастапқы жарна ретінде енгізу үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін аудару қажет шоттың банктік деректемелері туралы хат
- Сатып алу құқығымен жалға алу шарты бойынша берешекті өтеу
Егер Сіз тұрғын үй бағдарламалары мен дағдарысқа қарсы бағдарламалар аясында сатып алу құқығымен жалдау шартын жасасқан болсаңыз, онда Сіз зейнетақы жинақтары есебінен жалдау төлемдерін ішінара немесе толық төлей аласыз.
Өтінім беру үшін қажетті құжаттар тізімі:
- тұрғын үй құрылысы бағдарламалары мен дағдарысқа қарсы бағдарламалар аясында жасалған сатып алу құқығымен жалдау шарты (жалдау төлемдерін өтеу кестесін қоса бере отырып) ;
- ұйымның уәкілетті тұлғасының қолы қойылған сатып алу құқығымен жалдау шарты бойынша берешектің деректемелері мен сомасы туралы, жалдау бойынша берешекті өтеу үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін аудару қажет шоттың банктік деректемелері туралы хат.
- Жеке тұрғын үй құрылысы (жер телімін сатып алуды қоса алғанда)
Сіз тек зейнетақы жинақтары немесе зейнетақы жинақтары және өз қаражатыңыз есебінен жер телімін сатып ала аласыз және/немесе жеке тұрғын үй сала аласыз.
Қаражат алу үшін қажетті құжаттар тізімі: (жер учаскесін сатып алу үшін):
- жер теліміне арналған (егер жер телімі сатып алынса) сатып алу-сату шарты;
- жер теліміне арналған акт;
- жер теліміне салынған ауыртпалықтың жоқтығы туралы анықтама;
Құрылыс үшін:
- сәулет-жоспарлау тапсырмасы (СЖТ);
- тиісті лицензиясы бар құрылыс компаниясымен жасалған мердігерлік шарт;
- алушы/құрылыс компаниясы жасаған құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге арналған шығыстар сметасы;
- эскизді жоба;
- құрылыстың басталуы туралы хабарлама.
Мақсатты растау мерзімі мердігерлік ұйымның шотына қаражат алған күннен бастап 24 айды құрайды. Мақсатты растау үшін қажетті құжаттар тізімі:
- алушының және (немесе) жұбайының (зайыбының) және (немесе) жақын туыстарының атына ресімделген нысанды пайдалануға қабылдау актісі;
- жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары (жер теліміне және салынған жеке тұрғын үйге) туралы уәкілетті органның құжаты.
- Ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыру
- Сіз Отбасы банкінде тұрғын үй сатып алуға (оның ішінде жөндеу жүргізе отырып), жеке тұрғын үй салуға (жер телімін сатып алуды қоса алғанда) басқа банктер берген ипотекалық тұрғын үй заемдарын қайта қаржыландыра аласыз
- Зейнетақы жинақтарын жақын туысыңызға беру
Сіз өз әйеліңіздің/күйеуіңіздің, жақын туыстарыңыздың (олардың келісімімен) зейнетақы жинақтарын жоғарыда көрсетілген кез келген мақсаттарға пайдалана аласыз. Жақын туыстар – ол ата-ана, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір/ата-анасы бөлек аға-інілер мен апа-сіңлілер, атасы, әжесі
Зейнетақы жинақтарын беруге арналған нұсқаулық:
- Жақын туысқандарыңызға қаражат беру үшін "жақын туысқандарыңызға қаражат беру" мақсатын таңдап, сіз бергіңіз келетін соманы, сондай-ақ, пайдасына зейнетақы жинақтары берілетін адамның ЖСН-ін көрсету қажет.
- Әрі қарай Сіз өз ЭЦҚ-ыңызбен біржолғы зейнетақы төлемдерін беру туралы екіжақты келісімге қол қоюыңыз және "өтінімді қалыптастыру" батырмасын басуыңыз қажет».
- Арнайы ағымдағы шотқа ақша түскеннен кейін Сіздің өтінішіңіздің мәртебесі жаңартылады.
Зейнетақы жинақтарын қабылдауға арналған нұсқаулық:
Сіз мақсатты таңдап, соманы толтырып, біржолғы зейнетақы төлемдерін беру туралы екіжақты келісімге өз ЭЦҚ-ыңызбен қол қоюыңыз қажет.
- Емдеу
Қазіргі уақытта тек Қазақстанда емделуге ғана өтінім беруге болады! Шетелде медициналық қызмет көрсету бойынша өтініштерді қабылдау кейінірек қолжетімді болады.
Зейнетақы жинақтарын ЕМДЕЛУГЕ пайдалану туралы өтінімді қалай ресімдеуге болады.
- Біржолғы зейнетақы төлеміне өтініш беріңіз және ЭЦҚ-мен қол қойыңыз.
- БЖЗҚ 5 жұмыс күні ішінде БЗТ сомасын сіздің Отбасы банктегі арнайы шотыңызға аударады.
- Қаражат арнайы шотқа түскеннен кейін, диагностика жүргізу үшін бейінді медициналық маманға хабарласыңыз.
- Бейінді маманның қорытындысын алғаннан кейін, тіркелген жеріңіз (тіркелу орнын E-Gov.kz порталынан білуге болады) бойынша медициналық ұйымға хабарласыңыз және ол жерде жеке басыңызды куәландыратын құжаттың көшірмесін қоса бере отырып, дәрігерлік комиссияның қорытындысын беру туралы өтініш беріңіз.
- Дәрігерлік комиссия өтініш берген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде не емделуге жолдама беру туралы, не бас тарту туралы шешім қабылдайды.
- 2 жұмыс күні ішінде комиссия хатшысы сізге қорытынды береді.
- Оң қорытындыны алғаннан кейін емделгіңіз келетін медициналық ұйымды таңдап, онымен келісім жасайсыз. Шартта медициналық қызметтің түрі, дәрігерлік комиссияның қорытындысында көрсетілген диагноз, сома және медициналық ұйымның деректемелері көрсетілуі тиіс
- Enpf-otbasy.kz платформасына PDF форматтағы дәрігерлік комиссияның қорытындысын және медициналық ұйыммен жасалған шартты жүктеңіз.
- Отбасы банк 5 жұмыс күні ішінде құжаттардың сәйкестігін тексереді және cіздің арнайы шотыңыздағы қаражатты шартта көрсетілген деректемелер бойынша медициналық ұйымға аударады.
Бір айта кетерлігі, егер тұрғын үй өтеу мерзімі 5 жылдан асатын ипотекалық тұрғын үй қарызы есебінен біржолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) пайдалана отырып сатып алынған болса, онда сіз бұл тұрғын үйді 5 жыл ішінде сата алмайсыз.
Ал егер тұрғын үй БЗТ пайдалана отырып, қалған өтеу мерзімі 5 жылдан кем ипотекалық тұрғын үй қарызы есебінен сатып алынса – онда еш қиындықсыз тұрғын үйіңізді сата аласыз.
Сонымен қатар тұрғын үй БЗТ және өз қаражатыңыз есебінен (бар болса) толық сатып алу арқылы жеке меншігіңізге ресімделсе – тұрғын үйді иеліктен шығару бойынша шектеулер жоқ.
Бұл контент АҚШ даму агенттігі (USAID) арқылы америка халқының көмегімен "MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы" аясында дайындалды. Naryk.kz ақпарат агенттігі ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты жəне ақпарат USAID-тың немесе АҚШ үкіметінің, сонымен қатар Internews ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
USAID — халықаралық жетекші даму агенттігі және тұрақты дамуға қол жеткізетін катализатор. USAID қызметі АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі мен экономикалық өркендеуіне және бенефицар-елдердің тұрақты дамуына үлес қосады, сонымен қатар америка халқының жомарттығын көрсетеді.
Автор: Бауыржан Мұқанов