Қазақстанда жасы 60-тан асқан жолаушылар үшін пойызбен ел ішінде саяхаттау жеңіл әрі тиімді бола түспек. Енді зейнеткерлер пойыз билеттерін 25% жеңілдікпен сатып ала алады.

Ол үшін QURMET дисконттық картасын рәсімдеу қажет. Карта ел ішіндегі барлық пойызға жарамды және вагон түріне (купе, плацкарт немесе отыратын орын) қарамастан қолданыла береді. Орын таңдауда ешқандай шектеу жоқ. Картаның құны 3 мың теңге және бір жыл бойы жұмыс істейді.

15-тен 25 жасқа дейінгі жастар үшін тасымалдаушы 33% жеңілдік беретін бөлек KETTIK33 картасын іске қосты.

Сонымен қатар мереке күндері мен жолаушылар ағыны ең көп маусымдарда жеңілдіктер уақытша тоқтатылуы мүмкін. Мысалы, 2026 жылы мына кезеңдерде жеңілдік жүрмейді:

  • 20-29 наурыз аралығында;
  • 25-30 желтоқсан аралығында;
  • маусымнан тамызға дейін.

Бұл кезеңдерде билеттер әдеттегі бағамен сатылады.

«Карталар иесінің атына жазылады, оны үшінші тұлғаларға беруге тыйым салынады. Картаны тек теміржол вокзалдарындағы «Жолаушылар тасымалы» АҚ билет кассаларында жеке барып рәсімдеуге болады. Рәсімдеу кезінде жеке куәлікті көрсетіп, электрондық пошта мекенжайын (міндетті емес) және ұялы телефон нөмірін беру қажет. Картаны «Жолаушылар тасымалы» АҚ кассаларынан билетті оффлайн сатып алғанда, сондай-ақ онлайн сатып алу кезінде де пайдалануға болады», — деп атап өтті «ҚТЖ» өкілдері.