Жыл басынан бері отандастарымыздың зейнетақы жинақтарының өсімі 2 триллион теңгеден асты.
2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша БЖЗҚ салымшыларының (алушыларының) жеке шоттарында 16,76 трлн теңге зейнетақы жинақтары қалыптастырылды. Олардың жыл басынан (01.09.2023ж.) бері өсімі 2,1 трлн теңге (14,3%) болды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда зейнетақы жинақтарының көлемі 2,8 трлн теңгеге (20%) өсті.
2023 жылдың 8 айында зейнетақы жарналарының сомасы 1 374,8 млрд теңге болды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 25% немесе 278,28 млрд теңгеге жоғары. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) бойынша – 25%, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша – 26% көрсетті.
Қазақстандықтардың жинақтарының 96,79% МЗЖ есебінен құралған. 01.09.2023ж. МЗЖ көлемі 16,22 трлн теңгеге жетті (бір жылдағы өсім – 19,7%, жыл басынан бері – 14,1%). МКЗЖ бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы – 532,51 млрд теңге, өткен жылдың 1 қыркүйегінен бастап 28%, ағымдағы жылдың басынан бастап 19,6% ұлғайды. Ең жоғары өсімді (жылына 57,7%) ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақтар көрсетті, олардың көлемі – 4,71 млрд теңге.
БЖЗҚ салымшыларының жеке зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық кіріс жыл басынан бері шамамен 1035,1 млрд теңге болды.
2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 12,25 млн бірлік деңгейінде қалыптасты, оның ішінде МЗЖ бойынша – шамамен 11,04 млн, МКЗЖ – 626,3 мың, ЕЗЖ - 384,5 мың бірлік.
Жыл басынан бері БЖЗҚ шамамен 350,78 млрд теңге төледі. 01.09.23ж. жасына байланысты төлемдер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27% артып, 96,69 млрд теңгені (төлемдердің жалпы көлеміндегі үлесі – 27,56%), тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері – 169,15 млрд теңге (төлемдердің жалпы көлеміндегі үлесі – 48,22%) құрады.
Сондай-ақ, жыл басынан бері мұрагерлік бойынша төлемдер – 34,97 млрд теңге, Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдер – 26,64 млрд теңге, мүгедектік бойынша төлемдер – 1,8 млрд теңге, жерлеуге төлемдер – 4,38 млрд теңге көлемінде жүзеге асырылды. Сақтандыру ұйымдарына 17,09 млрд теңге аударылды.
БЖЗҚ-дан кесте бойынша орташа айлық төлемнің мөлшері (зейнет жасына толуына байланысты) 32 120 теңге болса, ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы – 742 692 теңге. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың осы кезеңінде кесте бойынша орташа айлық төлем 29 859 теңге, ең жоғары төлем - 707 326 теңге болды.