2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша салымшылардың БЖЗҚ-дағы жеке шоттарында 17,2 трлн теңгеден астам қаражат жинақталды. Бір жыл ішінде зейнетақы жинақтары 3,1 трлн теңгеден астам (немесе 22,1%) мөлшерге өсті. Жыл басынан бергі өсім шамамен 2,6 трлн теңге (17,5%).
Қазақстандықтардың жинақтарының 96,78% міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптасқан. 2023 жылдың 1 қазанына МЗЖ көлемі бір жылда 21,9% ұлғайып, 16,67 трлн теңгеден асты. Жұмыс берушілер зиянды және қауіпті кәсіптер қызметкерлерінің зейнетақы шоттарына төлейтін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) бойынша зейнетақы жинақтарының сомасы өткен жылдың 1 қазанынан бастап 30,1%, ағымдағы жылдың басынан бастап 23,4% ұлғайып, 549,58 млрд теңгеге жетті. Жылдық ең жоғары өсімді (59,3%) ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақтар көрсетті, олардың көлемі 4,92 млрд теңге.
2023 жылдың 9 айындағы зейнетақы жарналарының сомасы – 1,55 трлн теңге, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,4% немесе 314,4 млрд теңгеге көп. 25,4% өсім МЗЖ, сондай-ақ, МКЗЖ бойынша болды.
БЖЗҚ салымшыларының жеке зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық кіріс жыл басынан бері шамамен 1,4 трлн теңге, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 91,1% жоғары. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 9 айындағы инвестициялық кіріс шамамен 716,8 млрд теңге болды.
2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарының саны 12,27 млн бірлік деңгейінде қалыптасты, оның ішінде МЗЖ бойынша – шамамен 11,06 млн, МКЗЖ – 630,07 мың, ЕЗЖ – 387,7 мың.
Жыл басынан бері БЖЗҚ шамамен 405, 66 млрд теңге төледі. Жасы бойынша төлемдер 109 млрд теңгеден асты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,5% жоғары. Төлемдердің жалпы көлеміндегі үлесі – шамамен 27%. Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері 198,75 млрд теңге, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 77% аз. Дегенмен, төлемдердің жалпы көлеміндегі БЗТ үлесі әлі де 49% деңгейінде.
Сондай-ақ, жыл басынан бері мұрагерлік бойынша төлемдер – 39 млрд теңгеден астам, Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемдер – 29,78 млрд теңге, мүгедектік бойынша төлемдер – 2 млрд теңге, жерлеуге төлемдер - 5,14 млрд теңге көлемінде жүзеге асырылды. Сақтандыру ұйымдарына 21,9 млрд теңге аударылды.
БЖЗҚ-дан кесте бойынша орташа айлық төлемнің мөлшері (зейнет жасына толуына байланысты) – 32 126 теңге, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғары сомасы – 742 692 теңге. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың осы кезеңінде кесте бойынша орташа айлық төлем 29 868 теңге, ең жоғары төлем 707 326 теңге болған еді.