Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі комиссияның бірінші отырысы өтті.
Комиссия «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңды орындау мақсатында құрылған. Оның құрамына Үкімет мүшелері, құқық қорғау органдарының басшылары, Парламент депутаттары мен қоғам қайраткерлері кірді.
Комиссияның негізгі міндеттерінің бірі – жүйелі шараларды жүзеге асыру, заңсыз шығарылған капиталды елге қайтарудың әдістері мен тетіктерін әзірлеу. Бұл ретте барлық шешімдер еліміздің әлеуметтік, экономикалық және саяси мүдделерін ескере отырып, алқалы түрде, ашық және бейтарап қабылданады.
Комиссияның уәкілетті органы – заңға сәйкес жұмысын бастаған ҚР Бас прокуратурасының Активтерді қайтару комитеті.
Отырыс барысында комиссия мүшелерінің назарына заңда көзделген рәсімдер шеңберінде активтерді мемлекетке өз еркімен және мәжбүрлі түрде қайтаруға дайындық туралы ақпарат ұсынылды.
Жақын арада комиссияның қарауына комитетпен ынтымақтастыққа дайын тұлғалардың активтерді өз еркімен қайтаруы жөніндегі ұсыныстар, сондай-ақ тізілім арқылы әрі қарай заңда көзделген түрлі талап қою шаралары кешенін іске асыра отырып, өзге тұлғаларға қатысты мәжбүрлі түрде қайтару жөнінде ұсыныстар шығарылатын болады.
Заң күшіне сәйкес активтерді өз еркімен қайтаратын адамдарға нақты кепілдіктер беріледі. Өз еркімен қайтару шарттары, сондай-ақ тізілімді қалыптастыруды қоса алғанда, мәжбүрлі түрде қайтару жөніндегі іс-қимылдар және т.б. комиссияның қарауына жатады.
Сонымен қатар комиссияға заңның барлық нормасы күшіне енгендіктен, заңсыз алынған, оның ішінде заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке өз еркімен қайтарғысы келетін адамдардың ҚР Бас прокуратурасының Активтерді қайтару комитетінің атына тиісті өтінішхат жіберуге құқығы бар екені туралы айтылды.
Кеңесті қорытындылай келе, премьер-министр жұмысты ведомствоаралық тығыз ынтымақтастық негізде және артық бюрократиясыз шұғыл ұйымдастыруды тапсырды. Қайтарылған активтер маңызды әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталатыны атап өтілді.