2025 жылы ғарыштық мониторинг нәтижесінде пайдалы қазбаларды заңсыз өндірудің 1 845 ошағы анықталды. Бұл туралы Үкімет отырысында индустрия және құрылыс министрінің орынбасары Мәлік Олжабеков айтты.
«2021 жылдан бастап Жерді қашықтан зондтау деректері негізінде пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру фактілері анықталып келеді. 2025 жылы мониторинг 46 ірі елді мекенді қамтыды. Нәтижесінде 1 845 заңсыз өндіру орны анықталды, оның ішінде 72-сі – жаңа, 109-ы – аумағы өзгерген тарихи орындар, 1 664-і – өзгеріссіз қалған. Бұл табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен қоршаған ортаны қорғауға арналған кешенді бақылау жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді Олжабеков.
Цифрлық трансформация аясында министрлік жер қойнауын пайдалану саласындағы бизнес-процестерді, ең алдымен геологиялық және тау-кен рұқсаттарын беру мен қайта ресімдеу рәсімдерін қайта қарады.
«Бұрын өтініштер қағаз түрінде, жеке барып тапсырылатын. Мемлекеттік органдардың қызметкерлері басқа ведомстволардың деректерін қолмен тексеріп, бұл ақпараттың қайталануына және мерзімнің созылуына әкелетін. Мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграция және деректерді автоматты тексеру болмаған. Қазір бұл процесс толық автоматтандырылған – minerals.e-qazyna.kz бірыңғай жер қойнауын пайдалану платформасы арқылы жүзеге асады. Біз қағаз құжат айналымынан интеграцияланған цифрлық экожүйеге өттік», – деп нақтылады ол.
Цифрландыру нәтижесінде рәсімдердің саны 45% қысқарып, өтініш берушілерге түсетін бюрократиялық жүктеме азайды, ал мемлекеттік қызметкерлердің әкімшілік жүктемесі 35% төмендеді.
«Деректерді өңдеу жылдамдығы артты, координаттарды қолмен тексеру кезіндегі қателіктер жойылды, мемлекеттік органдар мен жер қойнауын пайдаланушылар арасындағы цифрлық өзара іс-қимыл қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда платформаға 3 343 жер қойнауын пайдаланушы қосылған. Astana Hub экожүйесінде геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы стартаптар белсенді дамып келеді. Олар өндіру тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға арналған цифрлық шешімдерді енгізіп жатыр», – деді вице-министр.
Жобалар қатарында тау-кен жұмыстарын цифрлық жоспарлау және позициялау жүйесі Hard Code; өндірістік және басқару процестерін автоматтандыруға арналған AppStream ERP жүйесі; мұнай мен газ өндіруді оңтайландыруға арналған бағдарламалық-аппараттық кешен Manul Technologies; жер асты өндірісін басқару және қауіпсіздік жүйесі minePASS; OAR – VR/AR технологиялары бар тау-кен кәсіпорнының цифрлық егізі мен имитациялық модельдеу жүйесі бар.
«Жалпы салада 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Солардың ішінде жетекші компаниялардың бірі – NORDAL. Ол барлау және өндіру процестерін бақылау, талдау және оңтайландыруға арналған интеллектуалды платформаны әзірледі. Платформа нақты уақыт режимінде өндірістік және далалық нысандардан деректер жинап, өңдейді, кен орындарын болжаудың дәлдігін арттырады және өндірістік жүйелерді басқаруды жеңілдетеді», – деді Олжабеков.
NORDAL компаниясының клиенттері қатарында Schlumberger, Samruk Energy, Kazatomprom, TotalEnergies, Arx Minerals және басқа да ірі кәсіпорындар бар. Astana Hub экожүйесінде осындай технологиялардың дамуы жер қойнауын пайдалану саласындағы цифрлық трансформацияны жеделдетіп, өнімділікті арттырып отыр.
«Intelligent Digital Solutions (IDS) компаниясы SCADA, ERP және аналитикалық құралдарды біріктіретін интеграцияланған жүйелерді жасайды. Олар кен орындарындағы деректерді басқаруға болатын көрсеткіштер мен практикалық шешімдерге айналдыруға мүмкіндік береді. Платформаны енгізу нәтижесінде мұнай өндіру көлемі 10% өсті, ал өндірістік шығындар (лифтинг-кост) барреліне 1,7 доллардан 1,2 долларға дейін төмендеді. Өндірістік процестердің 70%-дан астамы Smart Field Airankol тұжырымдамасы бойынша автоматтандырылған», – деді ол.
IDS шешімдері нақты уақыт режимінде деректерді бақылау мен талдауды, жоспарлау аналитикасын, өндіру мен жөндеу жұмыстарын оңтайландыруды, активтер мен персоналды басқаруды қамтиды. Компанияның клиенттері арасында Caspy Neft, Shubarkol Premium, УПНК, IC Petroleum бар.
«Геология және жер қойнауын пайдалану саласының цифрландырылуы табиғи ресурстарды тиімді басқарудың, рәсімдердің ашықтығы мен инвестиция тартудың негізгі факторына айналып отыр. Қазіргі таңда бұл салада 58 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, олардың 96%-ы (56 қызмет) онлайн форматқа көшірілді. Өткен жылы 6 459 қызметтің 82%-ы электрондық түрде көрсетілді», – деді Мәлік Олжабеков.
Оның айтуынша, әлемдік тәжірибе цифрлық геологиялық платформалар мен жер қойнауы модельдеу жүйелері жер қойнауын пайдаланудың ашықтығын арттыратынын көрсетеді. Қазақстан да осы бағытты дамытып келеді.
«Сонымен қатар индустрия және құрылыс министрлігіне бірқатар ұсынымдар берілді: ұлттық геологиялық-геофизикалық деректер базасын толықтырып, оны тұрақты жаңартып отыру; ғылым мен бизнес серіктестігінде цифрлық платформалар мен модельдеу технологияларын дамыту; сонымен қатар жер қойнауын пайдалану рәсімдерінің болжамдылығын және ашықтығын арттыру арқылы инвесторлардың сенімін нығайтып, саланың орнықты дамуын қамтамасыз ету қажет», – деп түйіндеді вице-министр.