2021 жылдың қаңтар-тамыз аралығында Қазақстанның сыртқы саудасындағы экспорт үлесі 57%-дан 60%-ға жетті. Оған эксорт көлемінің 16% өсуі ықпал етті, деп хабарлайды kursiv.kz.
Аталған уақыт аралығында импорт бар болғаны 2% ғана өскен.
Статистика бюросының мәліметінше, қаңтар-тамызда экспорт көлемі $37,4 млрд болды. Былтыр осы уақытта көрсеткіш $31,8 млрд құраған еді. Ал 2019 жылдың қаңтар-тамыз аралығында көрсеткіш $37,6 млрд болған еді. Яғни, экспорт көлемі пандемияға дейінгі деңгейге қайта оралды деп айтуға болады.
QazTrade мәліметінше, қазақстандық экспорттың басым бөлігі, яғни 68%-ы шикізат тауарлары болса, 32% өңделген тауарлар, соны ішінде тек 6%-ы жоғары өңделген тауарлар.
Экспорт көлемінің артуына бірінші кезекте мұнай бағасының қымбаттауы әсер етті. Сегіз айда Қазақстан $19,2 млрд-қа шикі мұнай сатты.
Сонымен қатар осы уақыт аралығында жалпы барлық шикізат тауарларының экспорты оң динамика көрсетті. Тек газ экспорты 33%, руда мен концентраттар 4,6% азайды. Ал уран экспорты 44% төмендеді.