Үкімет отырысында еліміздің 2021 жылғы қаңтар-қазандағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды.
Биылғы жылдың он айының қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 3,5% құрады. Нақты секторда өндірістің орнықты өсу қарқыны байқалып отыр.
Осылайша, өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 5,3%-ға өсті. Өсім машина жасауда 19,5%, оның ішінде автомобиль жасауда 23,4%, локомотивтер мен вагондар өндірісінде 59,0%, құрылыс материалдары өндірісінде 9,3%, фармацевтикада 33,6%, пластмасса бұйымдары өндірісінде 36,5%, киім өндірісінде 11,4%, жиһаз өндірісінде 11,8%, дайын металл бұйымдары өндірісінде 16,4% байқалады.
Карантиндік шараларды біртіндеп жеңілдетудің арқасында қызмет көрсету секторындағы іскерлік белсенділік 3,4% өсіммен қалпына келген, бұл байланыс қызметтері (+12,9 %) мен саудадағы (+9,5 %) серпіннің жоғары болуына байланысты.
Құрылыс саласы 7,6%-ға өсті. 10 айда елімізде 11,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,9%-ға артық.
Инвестициялардың өсу қарқыны біртіндеп қалпына келуде – өсім 2,5%, ал тау-кен өндіруді есептемегенде – 14%. Негізгі капиталға салынған инвестициялар өсімінің жоғары көрсеткіштері құрылыста (+120,6%), өңдеу өнеркәсібінде (+78,6%), ауыл шаруашылығында (+41,9%), саудада (+31,4%), жылжымайтын мүлік операцияларында (+17,4%), қаржы қызметінде (+12,1%) байқалады.
Осы жылғы қаңтар-қазан айларының қорытындылары бойынша Алматы және Жамбыл облыстары, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары барлық 7 негізгі макрокөрсеткіш бойынша, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан облыстары және Алматы қаласы 6 көрсеткіш бойынша, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстары 5 көрсеткіш бойынша әлеуметтік-экономикалық даму өсімін қамтамасыз етті.
Ең төменгі көрсеткіштер Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарында.
Үкімет басшысы азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеуді, отандық өндірісті қолдауды қамтамасыз етуді, инвестиция тартуды, экспортты ілгерілетуді, халықтың жұмыспен қамтылуын сақтауды және тұрақты жұмыс орындарын құруды тапсырды.