Ең үлкен сұраныс білім беру саласында.

"Еңбек ресурстарын дамыту орталығы АҚ (бұдан әрі – ЕРДО) деректері бойынша Электрондық еңбек биржасында (бұдан әрі – ЭЕБ) қыркүйек айында кәсіпорындар тарапынан кадрларға, сондай-ақ жұмыс іздеп жүрген адамдарға сұраныстың өсімі байқалды: 137,9 мың бос жұмыс орны (+22%) және 62,2 мың түйіндеме (+8%) орналастырылды. Оқу жылының басталуына байланысты бос орындардың ең көп санын білім беру саласындағы ұйымдар орналастырды", деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Өткен айда ЭЕБ-дағы белсенділіктің өсу индикаторларының бірі Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек»мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іске асырылатын жобалар бойынша бос орындарға қолжетімділікті кеңейту болуы мүмкін екенін айта кету керек.

Осылайша, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап жұмыс іздеушілер «Ұрпақтар келісімшарты» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары бойынша мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарында бос орындарды өз бетінше таңдауға мүмкіндік алды. Бұл, өз кезегінде, ЭЕБ арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізбесін кеңейтті, онда азаматтар жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар және әлеуметтік жұмыс орындары сияқты қолдау шараларына қатысады, сондай-ақ жұмыс іздеп жүрген адам ретінде немесе жұмыссыз ретінде есепке тұра алады, жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер алуға өтінім бере алады.

ЕРДО-да алдыңғы айдағыдай қыркүйек айында да білім беру саласындағы мамандарға деген сұраныс артып отыр – 18 мыңнан астам бос жұмыс орны, бұл мектептерде, колледждерде және ЖОО-ларда дәстүрлі оқыту форматына қайта оралуға байланысты болып отыр.

Білім беру жүйесі үшін кадрларға маусымдық қажеттілікпен қатар нарықта от жағушыларға, қазандық операторлары мен қазандық машинистеріне (от жағушылар) сұраныстың өсуі байқалады, олар үшін өткен айға қарағанда өсім 2,9 мыңға жуық бос орынды құрады. Ал қыркүйек айында оларға деген жалпы қажеттілік 3 мыңнан астам бос орынды құрады.

Осы айда сұраныс серпініне әсер еткен тағы бір фактор Қазақстан халқының жалпыұлттық санағы болды. Мәселен, ЭЕБ-да 7,8 мың интервьюер бос орны жарияланды, тамыз айымен салыстырғанда өсім 5,3 мыңды құрады, өңірлер бөлінісінде интервьюерлер үшін бос орындардың ең көп саны Түркістан, Шығыс Қазақстан, Алматы және Жамбыл облыстарында орналастырылды.

Қыркүйекте барлық өңірлер бөлінісінде бос орындар санының жалпы өсімі аясында Алматы қаласында (-10%) және Маңғыстау облысында (-7%) бос жұмыс орындарының қысқаруы байқалады. Сонымен қатар, өткен айда жарияланған бос орындар саны бойынша 12,6 мың (өсім 6,6 мың бос орын немесе 109%) Алматы облысы көшбасшы болды.

Екінші жағынан, бос жұмыс орындары сияқты, жұмыс іздеушілер белсенділігінің ең көп төмендеуі Алматы қаласында (-24%) және Маңғыстау облысында (-21%) байқалады. Сонымен қатар түйіндеменің ең көп өсімі Ақмола (+40%) және Солтүстік Қазақстан (+39%) облыстарында болды, оларда басқа өңірлермен салыстырғанда жалпы түйіндемелердің ең аз саны байқалады – тиісінше 1,6 мың және 2 мың.

Сонымен қатар, білікті мамандар арасында түйіндеме мен бос жұмыс орындарын салыстыру кезінде интервьюерлермен қатар күзетшілер (504 түйіндеме және 2,3 мың бос жұмыс орны), автокөлік жүргізушілері (948 түйіндеме және 2 мың бос жұмыс орны), сондай-ақ тәрбиешілер (1,3 мың түйіндеме және 2,3 мың бос жұмыс орны) жетіспейді. Біліктілікті талап етпейтін кәсіптер арасында көмекші жұмыскерлер, жүк тиеушілер, әртүрлі жұмыстарды орындайтын жұмысшылар, ас үй қызметкерлері және мектептердегі тазалаушылар тапшы.

Қыркүйек айында біліктілікті талап ететін кәсіптер арасында заңгерлер (331 бос орынға қарсы 790 түйіндеме), дене шынықтыру және спорт мұғалімдері (1,3 мың түйіндеме және 965 бос орын), сондай-ақ қаржыгерлер (238 түйіндеме және 24 бос орын) артық болды. Біліктілікті талап етпейтін арасында вахтерлер мен елді мекендерді абаттандыру бойынша жұмысшылар арасында жұмыс орындары үшін жоғары бәсекелестік байқалады.

Жұмыс берушілерді қарастыратын болсақ, білім беру, ауыл шаруашылығы және басқа да қызметтер саласындағы, сондай-ақ статистика және әлеуметтану саласындағы кәсіпорындар ЭЕБ-дағы бос жұмыс орындарының ең көп санын жариялады.

Өңірлер бөлінісінде білім беру саласындағы кәсіпорындар Алматы (3,6 мың бос жұмыс орны), Ақтөбе (2,7 мың), Қарағанды (2,3 мың) облыстарында және Нұр-сұлтан қаласында (2,3 мың) жоғары сұранысқа ие болды. Өз кезегінде ауыл шаруашылығы кәсіпорындары оңтүстік өңірлерде, атап айтқанда Түркістан (3,5 мың), Алматы (2,3 мың) және Жамбыл (1,6 мың) облыстарында бос орындардың көбірек санын орналастырды.