2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстанда 5 мыңнан астам трактор мен комбайн шығарылды.
Ауыл шаруашылығы машиналарын жасауда соңғы 5 жылда өндіріс көлемі заттай түрде 4 есе өсті. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша 5 мыңнан астам трактор мен комбайн шығарылды. Мұндай мәліметтерді Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты.
Қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер отандық өндірістің, оның ішінде CLAAS, Horsch, Deutz Fahr әлемдік брендтерінің заманауи техникасымен қамтамасыз етілген. Биыл жаңа ірі инвесторлар – Amazone және Zoomlion келді.
Ірі габаритті бөлшектер өндірісі іске қосылды: трактор кабиналары мен комбайн бункерлері. Өндірушілер мен сабақтас өндірістер арасында кооперация жолға қойылған. Қостанай қаласында Локализация орталығы құрылды, онда компоненттік базаны өндіру бойынша цехтар ұйымдастырылды.
Секторды одан әрі дамыту аспалы және тіркемелі техника шығаруды ұлғайтуға бағытталатын болады.
Сонымен қатар, жыл қорытындысы бойынша жүк вагондары өндірісінің 4 есе өсуін қамтамасыз ету міндеті тұр
Темір жол машинасын жасауда 423 млрд теңгеге өнім өндірілді, өсім 1,5 есе. Қанат Шарлапаев атап өткендей, жыл қорытындысы бойынша жүк вагондары өндірісінің 4 есеге – 2 мың бірлікке дейін, жолаушылар вагондары 122 бірлікке дейін, локомотивтер 130 бірлікке дейін өсуін қамтамасыз ету міндеті тұр.
Wabtec және Alstom компанияларының технологиялары бойынша локомотивтер, сондай-ақ жүк және жолаушылар вагондарының өндірісі жолға қойылған.
«Теміржол машиналарын жасау дамудың үлкен әлеуетін білдіреді. Қазіргі уақытта жылжымалы құрамның жалпы паркі шамамен 139 мың бірлікке жетеді. Орташа тозу – 55%. Осыған байланысты жаңа жобаларды іске қосу жұмыстары жүргізілуде», — деді министр.
Мәселен, биыл «ТексолТранс» компаниясы қуаты жылына 6 мың бірлік жүк вагондары мен цистерналар өндіру бойынша жобаны іске асыруды бастады.
2025 жылы қуаты жылына 100 бірлік болатын «Штадлер Қазақстан» зауытында жолаушылар вагондарының өндірісі іске қосылады.
«Семей машина жасау зауыты» жылына 600 бірлік жартылай вагон өндірісін ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізуде.
«Railcast Systems» бандаж кешенін құру бойынша жоба іске асырылуда, іске қосу мерзімі 2025-2026 жылдар.
Сондай-ақ 2024 жылдың соңында Қостанай облысында серіппелер шығаратын зауыт іске қосылады деп жоспарлануда.
2025 жылы «Шығысмашзауыт» цехты жаңғыртуды аяқтауды жоспарлап отыр, бұл орта және ірі вагон құюды импортты алмастыруды қамтамасыз етеді.