Биылғы жылдың қаңтар-шілде айларында әуе компанияларының кірісі бір жыл бұрынғы 189,2 млрд теңгемен салыстырғанда 276,8 млрд теңгені құрады.
Кірістің негізгі бөлігі, яғни 270,6 млрд теңге барлық бағыттар бойынша жолаушыларды тасымалдауға тиесілі болды. Тағы 6,2 млрд теңге жүк пен багаж тасымалына тиесілі. Көлік құралдарын жүргізушісімен (экипажымен) қоса жалға беруден түскен кіріс 3 млрд теңгені құрады.
2022 жылғы қаңтар-шілдеде әуе көлігімен тасымалданған жолаушылар саны 5,8 млн адамды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,8% артық. Тікелей биылғы жылдың шілде айында 1,2 млн адам тасымалданды, бұл маусыммен салыстырғанда 7,3%, ал биылғы қаңтармен салыстырғанда 2,2 есеге артық.
Өңірлер бойынша жолаушы тасымалының басым бөлігі Алматыға тиесілі: 4 млн жолаушы, былтырғыдан 8,8% көп.
Биылғы жылдың жеті айында жолаушылар айналымы 10,2 млрд жкм құрап, былтырғыдан 29% өсті.
Әуе көлігімен 12,7 мың тонна жүк пен багаж тасымалданды, бұл өткен жылдағыдан 36,1% аз. Биылғы жылдың шілде айында жүк пен багажды әуе көлігімен тасымалдау 2,4 мың тоннаны құрап, маусыммен салыстырғанда 8,8% өсті.
Жүк айналымы 28,5 млн ткм құрады, көрсеткіш былтырғыдан 37,4% аз.
Қазақстанда 50-ден астам жаңа ұшақ сатып алынады, деп хабарлайды Хабар24. Оның 14-і жыл соңына дейін отандық әуе компанияларының ұшақ паркінде пайда болады. Қалғандарын 2025 жылға дейін сатып алу жоспарлануда. Сонымен қатар, ҚР әуе қауіпсіздігі жүйесі реформалануда.
2022 жылдың шілде айының соңында жолаушыларға арналған әуе компаниялары қызметтерінің бағасы былтырғыдан бірден 26,6% өсті.
Қызметтер құнының ең жоғары өсуі Түркістан (56,8%), Жамбыл (46,7%) және Шығыс Қазақстан (44,5%) облыстарында байқалды. Солтүстік Қазақстан облысында баға өзгеріссіз қалды. Тағы үш облыста қызметтер арзандады. Олар: Ақмола (8,7%), Қызылорда (8,8%) және Павлодар (17,7%) облыстары.