2021 жылдың қаңтар-тамыз аралығында Қазақстандағы ресми дилерлер 73,4 мың жаңа жеңіл автокөлік пен коммерциялық көлік сатты. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 39% көп.
Сатылып жатқан көліктердің басым бөлігі отандық көліктер. 2020 жылдың қорытындысы бойынша сатылған жаңа көліктердің 73%-ы отандық өнім болса, 27%-ы импорт. Ал 2021 жылдың қорытындысы бойынша отандық көліктердің үлесі 80% болады деп болжайды Қазақстан автоөндірушілер қауымдастығы.
2019 жылы шетелдік көліктердің үлесі көп болғаны есімізде.
Жаңа көліктер саудасы жақсы жүріп жатқанымен, Қазақстан әлі де болса шетелдің ескі көліктерін тасушы мемлекет болып отыр. Тамыз айындағы мәлімет бойынша Қазақстанда тіркелген көліктердің саны 3,8 млн болды. Бұл былтырғы осы уақыттағыдан 1,3% аз. Соған қарамастан 10 жылдан асып кеткен көліктердің үлесі 63,7%-ды құрайды. Бұл дегеніңіз 2,4 млн. Ал 3-10 жылдық көліктердің саны 21,5%, яғни 827,3 мың.
Дегенмен, 3 жылға дейінгі жаңа көліктердің үлесі бір жылдың ішінде 11,3%-дан 13,1%-ға ұлғайды.
Қалай дегенде де ескі көліктер әлі де басым. Оның үстіне елдегі бұрынғы ескі көліктер аз болғандай, қазір шетелдің қаңсығы да тасылып жатыр. Өткен жылдың басынан бері Еуразиялық одақ елдерінен 200 мың ескі көлік әкелінген.