Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров депутаттық сауалға берген жауабында оның ведомствосы салық органдарының бақылауына жататын мобильді аударымдарды анықтау кезінде қосымша критерийлер бойынша бірнеше ұсыныстарды қарастырып жатқанын айтты.

Байбазаров өз жауабында бұған дейін түрлі деңгейдегі шенеуніктердің айтқан критерийлерін тізіп өтті. Биылдан бастап Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті үш ай қатарынан айына 100-ден астам түрлі жөнелтушілерден мобильді аударымдарды қабылдаған банк клиенттеріне мониторинг жүргізіп келеді.

Бұл ретте Қаржы министрлігі күдікті аударымдарды анықтайтын критерийлер бойынша ұсыныстарды қабылдауда. Олардың бірі қатарынан үш айдағы кіріс төлемдерінің жалпы сомасы түріндегі қосымша параметрді енгізуге қатысты. Оның шегі үш АЕК деңгейінде белгіленуі мүмкін, бұл 2024 жылы 255 мың теңгені құрайды. Байбазаров бұл және өзге де ұсыныстардың кімнен түскенін нақтыламады.

Бұл сома қолданыстағы заңнамада белгіленген, кәсіпкерліктен 12 ең төменгі жалақы немесе жылына 1,02 миллион теңгеден кем емес кірісі бар азаматтар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге жататын ереже негізінде есептелді. Мобильді аударымдар бақыланатын үш айға есептегенде, сома 255 мың теңгені құрайды.

Министр сондай-ақ биліктің кәсіпкерлерге өз қызметі мен одан түсетін кірісті заңдастыруға қолайлы жағдай жасап жатқанын еске салды. Арнайы және оңайлатылған салық режимдері жеке табыс салығының ставкаларын 1%-дан 4%-ға дейін қарастырады, мобильді қосымшалар декларацияны онлайн тапсыруға мүмкіндік береді, Visa, Mastercard және UnionPay халықаралық төлем жүйелері эквайер-банктерге алынатын комиссиялардың максималды мөлшерін азайтуға келісті: ағымдағы жылдан бастап 1,8-2%-дан 1,5%-ға дейін және 2025 жылдан бастап 1%-ға дейін.

Өткен жылдың соңынан бері түрлі деңгейдегі шенеуніктер, оның ішінде бұрынғы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров та мобильді аударымдар ережелеріне алдағы өзгерістер туралы айтып жүр. 2024 жылдан бастап құзырлы органдар кәсіпкерлік белсенділік критерийлеріне жататын аударымдарды қадағалап, оларды талдап, қажет болған жағдайда алушылардан түсініктеме сұрайтын болады.

Егер тексеру нәтижесінде белгілі бір қазақстандықтың шотына түскен қаражаттың декларацияланбаған кәсіпкерліктен түскен табыс екені анықталса, олар оның кірісі ретінде есепке алынып, салық салынуы мүмкін. Алушының өзі тиісті тіркеуден өтіп, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Биыл жалпыға бірдей декларация аясында есеп беруге міндетті қазақстандықтар ғана бақылауға алынады: мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік сала қызметкерлері және олардың отбасы мүшелері. Келесі жылы ол мобильді төлемдерді алушылардың барлығына таратылады. Содан кейін тәртіп бұзушыларға айыппұл салынады