Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков балаларға Ұлттық қордан төленетін төлемдердің жоспарын айтты.
«Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызы 18 жасқа дейінгі барлық жастағы балаларға бөлінеді. Егер кей жылдары Ұлттық қордың табысы минусқа кететін болса, онда сол жылы аалдыңғы жылдардағы орташа көрсеткіш көлемінде аударылады», - деді Дәурен Темірбеков.
Оның болжамынша, мұндай тәсіл осы бағдарламаға туғаннан бастап қатысатын балаға 18 жасқа дейін жыл сайын 150-160 доллар көлемінде төлем алуына мүмкіндік береді.
«Негізі, 18 жасқа дейін ақша Ұлттық қорда қалып, қаржы құралдарына салынады. Бала жинағының болжамды сомасы шамамен 3,5 мың доллар болуы мүмкін», - деп түсіндірді Қаржы вице-министрі.
Жоба операторы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры болады деп жоспарлануда.
«Бала дүниеге келген кезде Әділет министрлігінің жеке тұлғалардың деректер базасы негізінде шоттар автоматты түрде ашылады. Шотта жинақталған қаражатты тек 18 жаста пайдалануға болады. Жобаға қатысушы балалар Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек. Сондай-ақ шоттардағы қаражатты салықтан босату ұсынылады. 18 жасқа толған кезде шоттағы төлемдерді доллармен жүргізу ұсынылады», - деді Дәурен Темірбеков.