Ұзақ уақыт бойы жинақ портфелі активтерінің стратегиялық аллокациясы дамыған елдер облигациясының 80%-нан және дамыған елдер компаниялары акциясының 20%-нан құралды, бұл әлемдік тәжірибе тұрғысынан барынша консервативті саналады, деп мәлімдеді Ұлттық банктің төраға орынбасары Әлия Молдабекова.
2019 жылдан бастап Ұлттық Банк тәуекел деңгейі қалыпты болған кезде инвестициялардан ұзақ мерзімді кірістілікті арттыруға бағытталған активтердің жаңа теңгерімді аллокациясына көше бастады. Жаңа аллокация акциялар үлесін 30%-ға дейін ұлғайтуды, сондай-ақ алтын портфельдері мен баламалы құралдарды 5%-ға дейін қалыптастыруды көздейді. Бұдан басқа, инвестициялық деңгейдегі корпоративтік облигацияларға 10%-ға дейін және дамушы елдердің облигацияларына 21%-ға дейін инвестициялау арқылы облигация портфеліндегі активтерді әртараптандыруды арттыру жоспарланған.
Бұл жұмыстар 2022 жылдың соңына дейін аяқталып қалады деп ойлаймыз. Соңында біз Ұлттық қордың әлеуетті орташа жылдық кірістілігінің ұзақ мерзімді перспективада 1%-ға өсуін күтеміз.
Алдын ала деректерге сәйкес, шілденің қорытындысы бойынша, Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі өткен айда 1,2 млрд АҚШ долларына ұлғайып, 53,1 млрд АҚШ долларын құрады.
Өткен айда Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт түрінде 518 млрд теңге бөлінді. Трансферттердің бір бөлігі Ұлттық қордың теңгедегі шотындағы қалдықтар, сондай-ақ қорға теңгелік түсім есебінен бөлінді. Сонымен қатар, ішкі валюта нарығында 599,2 млн АҚШ долларына активтер сатылды, бұл – өз баламасында 288 млрд теңгені құрайды. Маусымда қорға 582 млн АҚШ доллары көлемінде валюталық түсім түсті.
Ұлттық қордың инвестициялық кірісі өткен айдың қорытындысы бойынша оң қалыптасып, акциялар нарығын ішінара қалпына келтіру есебінен 1 240 млн АҚШ долларын құрады. Бұл ретте Ұлттық қордың ұзақ мерзімді кірістілігі құрылғаннан бастап жылдық мәнде 3,17% болды.