Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022 – 2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасы мақұлданды.
«Заң жобасы Бюджет кодексінің 24 бабына сәйкес әзірленді. Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің мөлшерін 2022 жылы 2,4 трлн теңге, 2023 жылы 2,2 трлн теңге, 2024 жылы 2 трлн теңгеге белгілеу ұсынылады. Кепілдендірілген трансфертті республикалық бюджеттен ортақ зейнетақыларды төлеуге және мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдеріне бағыттау ұсынылады», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.
Республикалық бюджет жобасы мұнайдың бағасы барреліне 60 доллар болғанда қалыптастырылды. Болжам бойынша, мұнай өндіру көлемі 2022 жылғы 87,9 миллион тоннадан 2026 жылы 107,4 миллион тоннаға дейін ұлғаяды. 2022 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 3,9% деңгейінде болжануда. 2026 жылы 5,2% -ға дейін жетеді. 2026 жылы номиналды жалпы ішкі өнім 119,9 триллион теңгеге дейін өсуімен 2022 жылы 87,1 триллион теңгені құрайды.
Әсет Ерғалиевтың айтуынша, 2022 жылы тауарлар экспорты 60,1 миллиард доллар деңгейінде болжанып отыр және 2026 жылға дейін 79,8 миллиард долларға дейін ұлғаяды. Тауарлар импорты 2022 жылы 40,8 миллиард доллардан 2026 жылы 43,4 миллиард долларға дейін ұлғаяды.
«Ұлттық банк жылдық инфляцияның нысаналы дәлізі 2022 жылы 4-6 %, 2023-2024 жылдары – 4-5% аралығында, 2025-2026 жылдары – 3-4% шегінде сақталған. Осы макроэкономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, республикалық бюджеттің кірістері трансферттерді есепке алмағанда 2022 жылы болжамдар бойынша 9,2 триллион теңгені, 2023 жылы - 9,7 триллион теңгені, 2024 жылы - 10,4 триллион теңгені құрайды», - деді Ә. Ерғалиев.
Оның айтуынша, кепілдендірілген трансфертті 2022 жылы - 2,4 триллион теңге, 2023 жылы - 2,2 триллион теңге және 2024 жылы - 2 триллион теңге мөлшерінде айқындау ұсынылып отыр.
«Бұдан басқа, Ұлттық қордан 2022 жылы 550 миллиард теңге мөлшерінде, оның одан әрі қысқаруымен 2023-2024 жылдары жыл сайын 400 миллиард теңгеден нысаналы трансферт тарту ұсынылады. 2022 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге қатысты 3,3% деңгейінде, кейіннен 2024 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 2,5% дейін төмендеумен болжанып отыр. 2022 жылы мұнай емес тапшылық ішкі өнімге қатысты 8,1% құрап, кейіннен 2024 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 6,3% дейін төмендейді», - деді министр.
Республикалық бюджеттің шығыстары 2022 жылы 15,9 триллион теңге, 2023 жылы – 15,6 триллион теңге және 2024 жылы – 16 триллион теңге көлемінде болжанып отыр.
«Биылғы жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің өсуі 3,4% болды, мұнайдың орташа бағасы бір баррель үшін 68 АҚШ доллары деңгейінде қалыптасты. Бұл серпін Қазақстан экономикасын дамытудың оптимистік сценарийіне сәйкес келеді. Мұнайдың орташа жылдық бағасы бір баррель үшін 70 АҚШ доллары болған кезде Ұлттық банк ішкі жалпы өнімінің 2021 жылы 3,7-4% деңгейінде өсуін күтеді», - деді Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев.