2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы шеңберінде БЖЗҚ АҚ жалпы сомасы шамамен 1,3 млн АҚШ долларын құрайтын 12 921 өтінішті орындады (уәкілетті операторларға өтініш берушілердің банктік шоттарына аудару үшін аударылды).
Оның ішінде тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында 686 мыңдай АҚШ долларына 6 842 өтініш, білім беру ақысын төлеу үшін шамамен 610 мың АҚШ долларына 6 079 өтініш орындалды. Бұл ретте нысаналы жинақтарды алушы өзіне тиесілі барлық соманы да, оның бір бөлігін де пайдалануға құқылы, пайдаланылмаған соманың қалдығы нысаналы жинақтау шотында (НЖШ) қалады.
Естеріңізге сала кетейік, бағдарламаға сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық табысының 50% мөлшері жылына бір рет 2006 жылы және одан кейін туған Қазақстан Республикасының азаматы-балалары арасында бөлінеді. 2024 жылғы ақпанда 2023 жылдың қорытындысы бойынша БЖЗҚ-да барлық балаларға алғашқы нысаналы талаптар есептелді, ал 2024 жылы 18 жасқа толған азаматтардың НЖШ-на нысаналы жинақтар есептеліп, төлемдер жүзеге асырыла бастады.
НЖШ-дағы қаражат тұрғын үй жағдайларын жақсарту және БЖЗҚ-мен тиісті келісімдер жасасқан уәкілетті операторлар арқылы білім алуға ақы төлеу мақсатында пайдалануға арналған және АҚШ долларында сақталады. Кәмелетке толғаннан кейін нысаналы жинақтарды алушылар оны көрсетілген мақсаттарға пайдалана алады.
Тұрғын үйге арналған нысаналы жинақтарды пайдалану жөніндегі уәкілетті операторлар Отбасы банкі тұрғын үй құрылыс жинақ банкі АҚ, ал білім алуға — Отбасы банкі тұрғын үй құрылыс жинақ банкі АҚ және Қазақстан Халық банкі АҚ.