Былтыр шарықтаған инфляцияны құрықтау жолында базалық мөлшерлеме көтерілгені белгілі. Ұлттық банк жоғары ставканы үнемі сақтап тұрмаймыз, инфляцияның баяулауына байланысты оны біртіндеп түсіреміз деген болатын. Соңғы уақыттағы шешімдердің сол айтылған траекториямен ақырын жылжып келе жатқаны түсінікті болды. Бас банк базалық пайыздық мөлшерлемеге қатысты жүйелі саясатын одан әрі жалғастыруда. Ұлттық банк 6 қазанда базалық пайыздық мөлшерлемені 16%-ға төмендетіп, өзінің болжамды саясатынан әзірге ірге ажыратпайтынын көрсетті.
Инфляция төмендегімен, ел әлі қауіптеніп отыр
Қыркүйектің қорытындысы бойынша инфляция 11,8% болды. Алдыңғы айлармен салыстырғанда баға өсімінің баяулағаны айқын білінеді. Бірақ соған қарамастан Ұлттық банк оқыс қимылға барған жоқ. Базалық мөлшерлеиені төмендетті, алайда тек 16,5%-дан 16%-ға. Ұлттық банк әрекетінен асқан сақтықпен, абайлап әрекет ету саясаты аңғарылады. ҰБ өз түсіндірмесінде жылдық инфляцияның баяулау қарқыны жоғары екенін, сыртқы инфляциялық қысым орталық банктердің тежеу саясаты мен азық-түліктің әлемдік бағасының төмендеуі аясында біртіндеп төмендеп келе жатқанын айтады. Алайда ішкі фактор инфляциялық күтулердің біршама жеделдегені көзге ұрады. Яғни, халық әлі де болса алдағы уақытта қымбатшылық орнайды деген үрейден арылмай отыр. ҰБ мәліметінше, бір жылдан кейін күтілетін инфляция қыркүйекте 17% (тамызда – 16,4%) болды. Алайда, сезілетін инфляция қыркүйекте 17,8%-ға дейін (тамызда – 18,4%) төмендеді. Осы себептен де ҰБ күрт бұрылыс жасамағанды жөн көреді. Оның осы әрекетінен әзірге базалық ставканы тым төмендетіп жіберудің қисынсыз екенін аңдаймыз. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай инфляциялық күтулер деңгейі жоғары, оның үстіне инфляция да тым жоғары қарқынмен төмендеп жатқан жоқ. Баға өсімі баяулағанымен, әлі де болса екі таңбалы цифрдан арыла қоймады.
Базалық мөлшерлемеге қатысты ендігі шешім жыл соңына таман жасалуы тиіс. Егер ахуал осы бірқалыпты қарқынмен жалғасар болса, онда базалық ставка тағы да төмендейді деп болжауға негіз бар. Әрине, инфляция төмендесе. Ал егер басқалай тәуекелдер салдарынан қымбатшылық қайта өршісе, онда Ұлттық банк мөлшерлемені азайту жағына қарай қадам жасамауы әбден ықтимал. Себебі, Ұлттық банктің бірегей міндеті – негізгі құрал – базалық мөлшерлемені пайдалана отырып экономикадағы тәуекелдерді азайту. Яғни қымбатшылықтың жолын кесу.
Базалық мөлшерлеме инфляцияны төмен қарай итеріп келеді
Банк несиесінің базалық мөлшерлемеге байланысты қалыптасатыны белгілі. Ал базалық мөлшерлемені қымбат ете отырып, несие пайызын да жоғарылату қоғамдағы сұранысты азайтады. Қымбат мөлшерлеме халық тарапынан тауарлар мен қызметтерге деген сұранысты төмендетеді, бұл өз кезегінде базардағы баға өсімінің бәсеңдеуіне әсер береді. Басты міндет – осы. Ал базалық мөлшерлеменің көтерілуіне және түсуіне байланысты құны өзгеретін несие пайызы мен депозит сыйақысын біз негізгі мақсат емес, тек салдар ретінде қарастыра аламыз
Былтырдан бергі инфляция мен базалық мөлшерлеме текетіресіне қарайтын болсақ, базалық мөлшерлеменің біртіндеп инфляция десін басып келе жатқанын байқар едік. Иә, әр алуан сарапшылар Ұлттық банк саясатын сынға алды, базалық мөлшерлемені баяғыда түсіріп тастау керек еді деген пікірлер айтып жатады. Алайда уақыт бізге осы шешімнің әрі әділ, әрі пайдалы болғандығын дәлелдеп бергендей. Қарап отырсақ, базалық мөлшерлеме инфляцияның алдына түсіп кеткен емес, әркез оны үлкен күшпен сүйемелдеп, төменге қарай итеріп келеді. Егер ҰБ базалық ставканы тым төмен түсіріп жіберсе, онда зордың күшімен икемдеп келе жатқан инфляция жалт беріп жоғарыға қайта шығып кетуі әбден мүмкін.
Сыртқы қатерлер саябырсығандай
Ескермей кетпеуге болмайтын тағы бір фактор – сыртқы ахуал. Ұлттық банк сыртқы инфляция да баяулап, жағымды әсер қалыптастыруда дейді. Мысалы, сүт өнімдері, өсімдік майы, ет пен дәнді дақылдар құны түскендіктен, әлемнің азық-түлік нарығында бағалар да төмендей бастады. Геосаяси тәуекелдер жоғалып кеткен жоқ, бірақ нарықтағы дауыл қазір аз да болса саябырсыды. Иә, АҚШ ФРЖ шешімі қалай өзгеретіні белгісіз, ОПЕК+ елдерінің мұнай өндірісіне қатысты шешімі де инфляцияға қысым жасауы мүмкін. Алайда мұның бәрі алдағы уақыттың еншісіндегі шаруа. Жалпы, сыртқы және ішкі факторлар үйлесімі біздің пайдамызға жұмыс істеп тұр деп айтуға толық негіз бар. Оған әрине, Ұлттық банктің ұзақ уақыт бойы ұстанып келе жатқан болжамды және байыпты ақша-несие саясаты арқасында қол жеткізіп жатырмыз.
Содан кейінгі, геосаяси жағдайдағы жалқы белгісіздік – сыртқы секторда бағаның болашақ өсуін қалыптастыратын тәуекелдердің негізгі көзі болып отыр. Тәуекелдерге Ресейдегі инфляцияның жеделдеуі мен «Астық мәмілесін» жаңғыртпаудан азық-түліктің әлемдік бағасының ықтимал өсуін жатқызады Ұлттық банк сарапшылары.
Нарық ертеңіне болжам жасай алуы керек
Қазір халық та, бизнес те Ұлттық банктің тосынсый жасамайтынын түсінді. Өйткені ҰБ болжамды әрі қолайлы саясат қалыптастырды. Бұл өз кезегінде жәй тұтынушыны да, кәсіпкерлерді де, банктер мен ірі кәсіпорындарды да ортақ үйлесім ырғағын табуға бейімдеді. Кім де болмасын алдағы ахуалды 100 пайыздық межеге тақау деңгейде саралап, болжамдай алады. Бұл әрине, кәсіп үшін, нарық үшін үлкен артықшылық.
Соңғы кездері экономиканың өсімі де Ұлттық банктің болжамдарына сәйкес қалыптасып отыр. 2023 жылғы қаңтар-тамызда Қазақстанның ІЖӨ жылдық мәнде 4,9%-ға өсті. Іскерлік белсенділік орнықты ішкі сұраныс, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және мұнай секторын қалпына келтіру салдарынан кеңеюде. Құрылыс, сауда, өнеркәсіп, сондай-ақ ақпарат және байланыс – экономиканың өсуіне басты үлес қосушы салалар.
Қалай болғанда да біз үшін инфляция деңгейін орта мерзімді перспективада 5%-ға дейін түсіру – басты міндет. Ішкі факторлар арасында үлкен тәуекел тудырып, сарсаңға салып тұрған ахуал жоқ деуге болады. Сыртқы факторлар да біз ойлағандай шеңбер аясында қалыптасып жатыр әзірге. Яғни, бәрі де ҰБ ойлағандай деңгейде үйлесім тауып жатыр дей аламыз. ҰБ қабылдаған шаралар өз нәтижесін беруде. Кәсіпкер де, тұтынушы да, аналитиктер де ҰБ-ның қазанда қандай шешім қабылдайтынын алдын ала болжай алды, сәйкесінше өз жұмыстарының бағытын да алдын ала соған ыңғайлап үлгерді деген сөз. Алдағы уақытта да ҰБ дезинфляциялық ақша-несие саясатын тиімді жалғастырады және фискалды саясат пен ақша-несие координациясын күшейту үшін Үкіметпен тығыз байланыста жұмыстар атқарады деп сенеміз.