2025 жылдың қараша айының қорытындысы бойынша Қазақстанның таза халықаралық резерві 59,98 млрд доллар болды. Бұл – төртінші тарихи рекорд, деп хабарлады Ұлттық банк.

Жыл басынан бері Қазақстанның халықаралық активтерінің өсімі 37,65%-ды немесе 16,4 млрд долларды құрады. Бір ай ішінде көрсеткіш 3,44% – 2 млрд долларға өсті.

Айлық өсу қарқыны алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда айтарлықтай баяулады. Мысалы, 2025 жылдың қазан айында өсім 4,93%-ды құраса, қыркүйекте 5,79% болған.

Қазақстанның таза халықаралық резерві еркін айырбасталатын валютадағы активтерден және Ұлттық банктің міндеттемелерін қоспағандағы монетарлық алтыннан тұрады. Негізгі компоненттерді қарастырайық:

ЕАВ активтер бір айда 5,26% немесе 973 млн долларға төмендеп, 17,5 млрд долларды құрады. Кейінгі бес айда көрсеткіштің өсуі оның төмендеуімен алмасып отыр. Жыл басынан бері ол 20,2% құлдыраған.

Дегенмен, монетарлық алтынның деңгейі 2025 жылдың ақпанынан бастап өсіп келеді және бұл тұрақсыздықты теңестіріп отыр.

Қараша айында көрсеткіш бір айда 6,2% өсіп, 44,5 млрд долларға жетті. Салыстыру үшін, жыл басында ол 23,8 млрд доллар болған және содан бері 86,8% ұлғайған.

Сонымен қатар Ұлттық Банктің міндеттемелері бір ай ішінде төмендеді – қазан айында көрсеткіш 2,46 млрд доллар болса, қараша қорытындысы бойынша 2,09 млрд долларды (-15%) құрады.