Freedom Holding Corp. компаниясының негізін қалаушы әрі мажоритарлық акционері Тимур Турлов Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 10 қазанда 1,5 пайыздық тармаққа – жылдық 18%-ға дейін көтеруі нәтижесінде Қазақстанның Қаржы министрлігі шетелден доллармен белсенді түрде қарыз ала бастағанын айтты.

«Бізде базалық мөлшерлеменің қалай тиімсіз жұмыс істейтіні туралы айттым, бірақ ол осы жылдың соңында жұмыс істеген сияқты. Олар [Ұлттық банк] Қаржы министрлігіне жетті. Неліктен доллар 500 теңге болды? Сұрақты осыдан бастайық. Қаржы министрлігі бір сәтте түсінген сияқты. Яғни, 14%-бен қарыз алу керек болғанда, олар шыдады, бірақ қарыз алды. 15%-бен қарыз алу керек болғанда, шыдады, бірақ қарыз алды. 16%-бен де шыдады, бірақ қарыз алды. 17%-бен де шыдап, қарыз алды. Оларға [базалық мөлшерлемені] 18%-ға көтеру керек делінгенде, олар «тым қымбат болып кетті» деді де, сыртқы нарыққа шығып, доллармен қарыз ала бастады, өйткені олар шын мәнінде теңгеге қарағанда әлдеқайда арзан», – деді ол.

Оның пікірінше, Қаржы министрлігінің мұндай қадамы өте дұрыс болды, өйткені доллармен қарыз алу кезінде валюта нарығының теңгерімін жақсартуға мүмкіндік туады.

«Себебі, егер сіз әлеуметтік шығындарды ұлғайтсаңыз, сізде долларға деген сұраныс кез келген жағдайда өседі», – деді ол.

Ол нарыққа доллар ағыны Ұлттық қордан сату немесе сыртқы нарықтан (қарыздар, экспорт) түсуі мүмкін екенін еске салды. Алайда, оның айтуынша, қазақстандық нарықта мұндай доллар жетіспеген.

«Қаржы министрлігі, іс жүзінде, нарыққа доллар әкеле бастады және оны сата бастады. Яғни, олар дәстүрлі түрде аукциондарға келіп: жоқ, бізге қымбат, біз 18%-бен алмаймыз, 17%-бен де алғымыз келмейді — арзанырақ беріңдер деді. Соңғы аукциондарда ұзақ мерзімді қарыздар базалық мөлшерлеме 18% болса да, 16%-бен саудаланды. Бізде мемлекеттік қағаздар бойынша табыстылық сызығы шын мәнінде қазір дұрыс пішінге ие бола бастады», – деді Турлов.

Кәсіпкер министрлік бұл қадамды ертерек жасауы қажет болғанын, бірақ ештен кеш жақсы екенін айтты.

«Сондықтан, Ұлттық банк базалық мөлшерлеме келесі жылдың жартысында жоғары болады деп айтқанын ескерсек, біз Қаржы министрлігі ішкі нарыққа қарағанда сыртқы нарыққа әлдеқайда белсендірек барады деп күтеміз. Сәйкесінше, біздің валюта нарығымызда валюта аз емес, көбірек болады. Демек, бағам берік болады. Ол жалпы 500 теңге деңгейінен де нығая түссе, таңғалмаймын, бірақ тым берік теңге де өте жақсы емес, әрі оларда жыл бойы айналысқан алтын-валюта резервтерін арттыруға мүмкіндік әлі де бар», – деді ол.

Оның айтуынша, Қазақстандағы алтын-валюта резервтері тек алтын есебінен ғана емес, шетел валютасын сатып алу арқылы да өсіп, максимумдарды жаңартып жатыр.

«Сондықтан, жалпы теңгенің плюс-минус берік болатынына сенемін. Бұл шынымен де инфляцияның айтарлықтай қысқаруына әкеледі. Ішкі нарықта доллар сату есебінен ақша массасының өсу қарқыны айтарлықтай төмендейді, мұны барлығы бақылап отыр», – деді Турлов.

Ол доллар сатылған кезде нарықтан теңге алынып, ақша массасының қысқаратынын еске салды.