Ұлттық банк жуық арада қаржы нарығының қайда бағыт алатыны мен теңгенің күйі қандай болатыны туралы болжамымен бөлісті.
Ұлттық банктің мәліметінше, қазіргі таңда қаржы нарықтары әлемнің жетекші орталық банктерінің монетарлық саясатындағы риторикада өзгерістерге барынша бейім.
Қаржы нарығының қатысушылары инфляциялық күтулердің неғұрлым жоғары болуын және негізгі мөлшерлемелердің барынша ерте жоғарылауын көздейді.
АҚШ-та, Канадада, Австралияда және Ұлыбританияда мөлшерлемелерді көтеру кезеңі 2022 жылы басталады деп күтілуде.
АҚШ-тың ФРЖ мөлшерлемесінің күрт өсуін күтуде қазынашылық облигациялар кірістілігінің артуы, ҚХР мен АҚШ экономикасының баяулауы өткен айда дамушы нарықтардың валюталарына қысым көрсетті.
ЕО елдері валюталарының индексі қазан айында 0,8%-ға: Бразилия реалы 3,7%-ға, Оңтүстік Африка ранды1,1%-ға, үнді рупиясы 0,9%-ға әлсіреді. Түрік лирасы инфляцияның жеделдеуіне қарамастан, АКС жеңілдеуі аясында 8,1%-ға әлсіреді.
Дамыған елдердің инфляцияның өсу болжамына жауап ретінде мөлшерлемелерді көтеру кезеңінің басталуы дамушы нарықтардан капиталдың әкетілу тәуекелін тудырады.
Дамушы елдердің валюталары АҚШ долларының тоқтаусыз нығаюы және дамыған елдердің мемлекеттік бағалы қағаздары кірістілігінің өсуі аясында қысым көруде. Бұл ретте АҚШ ФРЖ монетарлық саясаты ЕМ активтерінің құнына барынша ықпал етуге бейім.
Кейбір талдаушылар да әлемдегі стагфляция тәуекеліне – инфляцияның өсуімен қатар келетін экономикалық құлдырауға алаңдаушылық танытуда.
Инфляциялық күтулердің өсуі жағдайында монетарлық саясаттың күшею қарқыны іскерлік белсенділікті төмендетуі және соның салдарынан экономикалық өсу қарқынын төмендетуі мүмкін. Осыған байланысты реттеушілердің іс-әрекеті инфляциялық тәуекелдерді төмендетумен қатар, экономикалық өсудің баяулауына жол бермеуге де бағытталуға тиіс.
Мұнай бағасының неғұрлым тұрақты өсуі теңге үшін оң фактор болып табылады. Жыл соңына дейін мұнай бағасының серпіні бойынша оң болжамның сақталуына қарамастан, 2022 жылы мұнай нарығындағы тапшылықтың қысқаруы күтілуде.
Оның үстіне, АҚШ Президентінің үндеуі қанағаттандырылған жағдайда ОПЕК+ өндірісінің ықтимал өсуіне, АҚШ пен Иранның ұстанымдарын одан әрі жақындастыруға және мұнай экспорты бойынша санкцияларды алып тастауға, эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына және басқа да факторларға байланысты мұнай бағасының құбылмалылығы сақталады.
Жалпы алғанда, мұнай бағасын өсірудің жалғасуы, сондай-ақ алдағы қарашадағы ірі салық төлемдері жуық арада теңгеге қолдау көрсетеді. Алайда, шетел валютасына тұрақты сұраныс пен сыртқы нарықтардағы құбылмалылық бұл әсерді теңестіруі мүмкін.
Мұнайдың қымбаттағанына қарамастан теңге неге әлсіреп барады?
Мұнай бағасы теңге бағамы үшін негізгі макрофакторлардың бірі болып қала береді, өйткені ішкі нарықтағы шетел валютасын ұсыну көлемі мұнай бағасына байланысты. Алайда, бағамның қалыптасуына әсер ететін көптеген ішкі және сыртқы құрамдас бөліктер бар және бұл жағдай дамыған, сол сияқты дамып келе жатқан барлық нарықтардың валюталарына тән.
Біріншіден, экономикалық белсенділіктің қалпына келуі және фискалдық серпіннің аясында импорттың өсуі теңге бағамына тұрақты қысым көрсетіп отыр. Сондықтан, мұнай нарығындағы ралли нәтижесінде экспорттаушылардың валюталық түсімінің өсуіне қарамастан, шетел валютасына сұраныстың байқалып отырған өсуі теңгенің нығаюына мүмкіндік бермейді.
Сонымен қатар, тұтыну тауарлары импортының өсуіне байланысты төлем балансының ағымдағы шоты тапшылықта қалып отыр.
Бизнес пен халық тарапынан шетел валютасына сұраныстың өсуіне Ресей тауарлары импортының артуы айқын мысал бола алады.
Ресейден әкелінетін импорт 4,2 млрд АҚШ долларына жетіп, 2020 жылғы екінші тоқсанмен салыстырғанда 36,1%-ға ұлғайғанын, ал осы жылғы бірінші тоқсанда осындай көрсеткіш 2,4% болған. Осылайша, Ресей Федерациясынан әкелінетін тауарларға ішкі сұраныстың артуы теңгенің Ресей рубліне қатысты айырбастау бағамының әлсіреуіне алып келеді.
Биылғы жылғы қазанда теңгенің рубльге қатысты бағамы бір рубль үшін 5,85 теңгеден 6,05 теңгеге дейін немесе 3,4%-ға әлсіреді.
Екіншіден, еркін өзгермелі жағдайда жаһандық үрдістер теңгеге тікелей ықпал етуде. Саны бойынша жеңілдету бағдарламаларын қысқарту және 2022 жылы Fed мөлшерлемесінің артуы жөніндегі нарықтың күтулері аясында АҚШ долларының нығаюы инвесторлар арасында дамушы нарықтарға қатысты теріс сентимент туындатады.
Үшіншіден, осы жылы шикізат тауарлары бағасының өсуі мен шикізат экономикалары валюталарының серпіні арасындағы әлсіз байланыс жаһандық кеңістікте байқалды. Канада доллары, Норвегия кронасы, Ресей рублі жыл басынан бері мұнайдың екі мәнді өсуіне қарамастан, салыстырмалы түрде нығаймады.
Кейбір талдаушылар бұл жағдайды АҚШ долларының жаһандық нығаюымен ғана емес, мұнай бағасының ұзақ мерзімді өсуінде сенімділіктің болмауымен де байланыстырады. Олардың пікірі бойынша, бұл байқалып отырған энергетикалық дағдарыстың уақытша сипатына, сондай-ақ ОПЕК+ тарапынан өндіруді әлеуетті ұлғайтуға байланысты. Соның салдарынан, мұнай бағасының өсуіне қарамастан, ұлттық валюта бір айда бір АҚШ доллары үшін 427,15 теңгеге дейін 0,3%-ға әлсіреді.
Ұлттық Банк валюталық интервенция өткізбеді. Бюджетке трансферттерді жүзеге асыру үшін 988 млн АҚШ доллары көлемінде Ұлттық қордың қаражатын конвертациялау бойынша операциялар және квазимемлекеттік сектор субъектілері тарапынан 208 млн АҚШ доллары мөлшеріндегі міндетті сатулар теңгеге қолдау көрсетті.
Сонымен қоса, базалық мөлшерлемені 9,75%-ға дейін өсіру теңгедегі борыштық құралдардың тартымдылығын сақтайды, оны бейрезиденттердің қазанда ҚР МБҚ-на 863 млрд-қа дейін (жылдың басынан бері өсім 433 млрд.) салымдары көлемінің 75 млрд-қа өскені растайды.
Шетелдік инвесторлар тарапынан шетел валютасын қосымша ұсыну нарық өтімділігінің жақсаруына және сұраныстың ішінара қанағаттануына ықпал етеді.
Қарашаның басынан бері мұнай бағасының төмендеуі аясында теңге бағамы 429,20 теңгеге дейін 0,5%-ға әлсіреді.