Ұлттық банк экономиканы мемлекеттен алып нарыққа береді

Ерболат Досаев Ұлттық банктің мемлекеттік бағдарламалар аясында экономиканы қаржыландыруы мен алда қаржыландырудың қалай жүретінін айтты.

Бас банкирдің айтуынша, қаржы нарықтарындағы баға белгілеудегі ауытқуларды жоя отырып, экономиканы нарықтық қаржыландыруға қайта келу – ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру үшін маңызды басымдықтардың бірі.


Ұлттық Банк экономиканың неғұрлым зардап шеккен салаларында кәсіпкерлерді қолдау мақсатында Кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын қаржыландыра бастады. Бағдарламаны іске асыру кезінде 1,5 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілері (барлығы 1 552, олардың ішінде дара кәсіпкерлер – 233, ірі кәсіпкерлер – 48, шағын және орта бизнес – 1 271) 1,1 трлн теңге сомада қарыз алды.

Көріп отырғандай, бүгінгі күні экономиканың шамамен барлық секторлары өсу аймағында тұр, осыған байланысты бағдарлама осы жылғы 31 желтоқсанға дейін аяқталады.


Жұмыспен қамту мақсатында Ұлттық Банк жалпы сомасы 900 млрд теңге қайтарымды негізде жергілікті атқарушы органдарды қаржыландыру арқылы Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыруға қатысты. Бағдарлама да осы жылы аяқталады.


Ұзақ мерзімді тұрғын үй кредиттеуді ынталандыру үшін басталған «Баспана хит» нарықтық ипотекалық өнімі де осы жылы аяқталады. Бүгінгі күні осы бағдарлама шеңберінде шамамен 600 млрд теңге бөлінді – ол толық игерілді.


Ұлттық Банк 2022 жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын және 7-20-25 жеңілдігі бар ипотека бағдарламасын іске асыруды жалғастырады. Қазіргі кезде Қарапайым заттар экономикасы шеңберінде 940 млрд теңгеге қарыз берілді, 7-20-25 бағдарламасы бойынша 1 трлн теңге сомасынан 400 млрд теңгеден астам сома бөлінді.


Экономиканы әртараптандыру және импортқа тәуелділікті төмендету жөніндегі мақсаттарға қолжеткізуге қарай Ұлттық Банк ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру және инфляциялық қысымды төмендету мақсатында Үкімет тарапынан экономиканы мемлекеттік қолдаудың нарықтық шараларға кезең-кезеңімен өтуін маңызды деп санайды.

Нарықтық мөлшерлемеге тәуелді емес жеңілдікпен қаржыландыру экономикада ақша құны және қаржы нарығында, сол сияқты бизнес-ортада бәсекелестіктің бұрмалануын туындатады.

Үкімет осы факторларды да мойындайды және кредиттік қаражаттың нақты құнын бұрмалайтын мемлекеттік қолдаудың нарықтық емес құралдарынан біртіндеп шығу бойынша 5 жылдық жол картасын қабылдауды жоспарлап отыр.


«Ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру мақсатында Ұлттық Банк бұрын жарияланған мерзімдерге сәйкес 2025 жылға дейін өзінің қатысуын тоқтатуды жоспарлай отырып, экономиканы қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларынан бірінші болып шыға бастайды. Алайда, экономиканың қалпына келу қарқынын ескере отырып, біз 2023 жылдың соңына қарай негізгі бағдарламаларды мерзімінен бұрын аяқтауды жоққа шығармаймыз», деді бас банкир.


Нарықтық қаржыландыруды дамыту шеңберінде мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын жетілдіру және кірістіліктің нарықтық қисығын қалыптастыру маңызды бағыт болып табылады. Бұл барынша ұзақ мерзімді сегменттегі ставкалар бойынша бағдар қалыптастыруға және ұзақ мерзімді жобаларды нарықтық қаржыландыру процесін іске қосуға мүмкіндік береді.


Өткен жылдан бастап Ұлттық Банк пен Қаржы министрлігі шетелдік инвесторлар үшін мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының тартымдылығын арттыру бойынша бірлескен жұмысты жандандырды.

Мемлекеттік бағалы қағаздарды дамушы елдердің JPMorgan жаһандық облигациялары индексіне қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Қазіргі уақытта біздің мемлекеттік бағалы қағаздар осы индекске қосылудың бірінші сатысында (басты назарда) тұр.

2022 жылы мемлекеттік бағалы қағаздарды FTSE Frontier Emerging Markets индексіне қосу күтілуде.

Инвесторлардың қазақстандық нарыққа қолжеткізуін жеңілдету үшін Clearstream халықаралық клирингтік ұйымымен Орталық депозитарий желісі шеңберінде Қазақстанның сауда-саттықтан кейінгі инфрақұрылымы әлемдік стандартқа дейін жақсарды.

Орталық депозитарийді одан әрі институционалдық дамыту жергілікті есепке алу орталығынан өңірлік есептеу-есепке алу хабына көшіруге бағытталған. Осы мақсатты іске асыру үшін депозитарийдің күш-жігері қор нарығындағы операциялардың ауқымды тізбесіне қолжеткізуді қамтамасыз ететін және биржадан тыс нарықтағы сауда-саттықты ұйымдастырушының функцияларын және корпоративтік іс-қимылдар хабын қамтитын тиісті IT-модернизациямен қолайлы инфрақұрылымды құруға шоғырланған.


Қазақстан қор биржасы инвестициялық пай қорлары мен ETF индекстік қорларын қоса алғанда, әртүрлі қаржы құралдарының ұсынысын айтарлықтай кеңейтті.

Биылғы жылғы 15 қарашада шетел акцияларын сату бойынша алаң іске қосылады. Осының аясында қор нарығындағы жеке инвесторлардың саны айтарлықтай өсті.

Соңғы екі жылда бөлшек сауда шоттарының саны шамамен 70%-ке өсіп, 1 қарашада 206 мыңнан асты.

КASE сауда-клирингтік жүйелерін технологиялық жаңғырту аяқталды. Барлық нарықтарда орталық контрагенттің функционалы енгізілді, бұл барлық сауда-саттыққа қатысушылар үшін тәуекелдерді төмендетеді, биржалық нарықтағы өтімділікті арттыруға және тиісінше жаңа құралдарды іске қосуға ықпал етеді.


Жақын уақытта қор нарығына шағын орта бизнес компанияларын тартуға, жеке клиенттердің белсенділігін одан әрі арттыруға және орнықты дамыту саласындағы жобаларды қаржыландыру инфрақұрылымын дамытуға биржаның басты назары бағытталатын болады.