Соңғы бірнеше күнде долларға қатысты теңге бағамы күрт көтеріліп, нарық қатысушыларын алаңдатып қойды. 2022 жылдың наурыз айынан бері теңге бағамы дәл бұлай құбылмаған еді. Нақтылап айтар болсақ, қазанның алғашқы онкүндігінде теңге бағамы біраз шарықтап, 10 қазанда теңгенің долларға қатысты айырбастау бағамы 491,74-ке дейін құлдырап, 2,2% әлсіреді. Сарапшылар «тіпті 500-дің де ауылы алыс емес» деген сәуегейлік білдірген. Әзірге таразы басының қай жаққа ауысары белгісіз.

Өйткені теңге бағамы сияқты нарықтық құбылыстардың туындауы жалғыз фактор әсерінен болмайды. Оған сан салалы бірнеше фактор әсер етеді. Бұл бірінші кезекте, сыртқы фактор. Жалғыз теңге емес, доллардың жаппай нығаюына байланысты еуро да (1,8%), фунт стерлинг те (2,4%), Бразилия реалы да (2,6%), рубль де (4,1%) құнын біршама жоғалтты. Көк қағаздың дамыған елдердегі негізгі валюталар санатына кіретін қоржынға (еуро, жапон иенасы, британ фунты, Канада доллары, швед кроны және Швейцария франкы) қатысты DXY индексі 2,2% өсімкөрсетті.

Қандай бір өнім мен қызмет түріне сұраныс артса, оның бағасы да өсіп шыға келмей ме? Валютаның мінез-құлқы да тап солай. Соңғы кездері ішкі нарықта бюджет шығыны тым артып кетті (бір емес, бірнеше рет Ұлттық қорға «қол сұғуға» мәжбүрміз), квазимемлекеттік компаниялардың инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларға жұмсаған шығындары көбейді, айналып келгенде мұның бәрі долларға деген сұранысты еселей түседі.

Бұл ретте аттап өтуге болмайтын тағы бір фактор бар, ол – Ұлттық банк зейнетақы активтерін басқарудың кірістілігі мен тиімділігін арттыру мақсатында БЖЗҚ-ның валюталық бөлігінің үлесін 40%-ға дейін ұлғайту туралы шешімнің қабылдануы.

Ұлттық банк өкілдерінің хабарлауынша, бас банктің сенімгерлік басқарушы ретінде БЖЗҚ-ға валюта сатып алуы валюта нарығындағы сұраныс факторларының бірі болып отыр. Биыл 10 қазандағы жағдай бойынша, БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесі 40% деңгейіне жетті. Бұл ұлғаю валюталық портфельдің шетелдік активтері, әсіресе акциялар құнының өсуіне, сондай-ақ АҚШ долларының теңгеге қатысты нығаюына байланысты туындады.

Бірақ әрі қарай Ұлттық банк БЖЗҚ-ның инвестициялық портфеліне арнап доллар сатып алуды тоқтатады. Өйткені алға қойылған міндет еңсерілді – зейнетақы қорындағы активтердің жоспарланған үлесіне қол жеткізілді. Шамамен 1 млрд доллар көлеміндегі БЖЗҚ үшін KASE-де доллар сатып алуды толықтай тоқтату нарық үшін үлкен емеурін дейді мамандар. Мұны тіпті ауызша, немеме психологиялық валюталық интервенция деп те атауға болатын шығар.

Осы жылы қазан айында Ұлттық қордан 1,3 млрд доллардан 1,4 млрд долларға дейін рекордтық көлемде сатып алу талап етілмек. Ай соңына таман сол көлемнің үштен екі бөлігін сатуға тура келеді. Бұл валюта нарығындағы жағдайды қалыпқа келтіру үшін жеткілікті ұсыныс көлемін тудырады деген үміт бар.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан валютаны сату саясаты жалғасады. Яғни тәуекел әлі тоқтамайды деген сөз.

«Ұлттық банк валюта нарығындағы жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіп отырады және ұлттық валюта бағамының байқалып отырған шамадан тыс құбылмалылығын іргелі факторларға негізделмеген деп есептейді. Айта кету керек, осыған байланысты айтарлықтай құбылмалылық байқалған жағдайда Ұлттық банк валюталық интервенциялар жүргізу құқығын іске асыратын болады», — деді.

Демек, Ұлттық банк әзірге «ауызша интервенция жасаумен» шектеліп отыр. Яғни бұған дейін интервенция жасау мәселесіне келгенде біршама шегініп, бұл әрекетке баруға ниет танытпай келген Ұлттық банк, енді «бұл құзіретті қолданып қалуымыз мүмкін» дейді. Қаржы нарығында кез келген сөздің әбден екшеп барып айтылатынын ескерсек, көп ұзамай интервенцияны көріп те қалуымыз мүмкін. Нарықтағы ахуал, теңгенің тым қатты әлсіреп кетуі осыған мәжбүрлеп жатқан секілді. Сахна төріне мылтық ілінсе, спектакль соңына дейін оның атылмай қоймайтыны сияқты, Ұлттық банк мәлімдемесінде «интервенцияның» ресми айтылуы да бекер емес.