ХВҚ әлемдік экономиканың өсуі жөніндегі түзетілген есебінде Украинадағы қақтығыс салдарының шикізат тауарларының нарықтары, сауда және қаржылық байланыстар арқылы таралатынын атап өтті. Ресей тарапынан энергия тасымалдағыштар мен металды, сондай-ақ Ресей мен Украинадан бидай мен жүгері жеткізудің қысқаруы қазірдің өзінде осы тауарлар бағасының күрт өсуіне себеп болды. Осыған байланысты инфляция бойынша жаңартылған болжам дамыған елдерде 5,7% және дамушы елдерде 8,7% болды, бұл қаңтардағы болжамдардан 1,8 және 2,8 п.т. жоғары.

Әлемдік нарықтарда жалғасып келе жатқан теңгерімсіздік нарыққа қатысушылардың мұнай бойынша болжамдарды қайта қарауына да алып келеді. Мәселен, ЕО елдерінің Ресей мұнайын импорттауға тыйым салуы аясында ұсыныс тапшылығының күтілгеннен жоғары болуына байланысты халықаралық талдаушылар биылғы үшінші тоқсанда Brent маркалы мұнайдың белгіленген бағасы барреліне $130 дейін көтеріледі деп күтеді. Экономикалық өсудің нашарлап бара жатқан болжамдары, сондай-ақ геосаяси шиеленістің күшеюі аясында мұнайға әлемдік сұраныстың болжамы күніне бір миллион баррельге төмендеді. Биылғы екінші тоқсанның қорытындысы бойынша, Brent маркалы мұнайдың белгіленген бағасының болжамы барреліне $114 деңгейінде сақталды.

Инвестициялық банктер акциялар нарығының перспективаларын сындарлы бағалауды жалғастыруда және бағалардың жыл соңына дейін өздерінің базалық сценарийлерінде қалпына келуін күтіп отыр. Мәселен, S&P 500 болжамы медианасының мәні 2022 жылдың соңында 4875 тармақты құрайды, бұл іс жүзінде биылғы жылдың басындағы индекс мәніне қайта оралуды білдіреді. Сонымен қатар, инвестициялық банктер болжамдарының сценарийі инфляцияның сенімді түрде баяулауы және экономикадағы құлдырауды болдырмау болжамдарына негізделген.

Бұл ретте ағымдағы үрдістерге байланысты кейбір талдаушылар 1980 жылдан бері байқалған төмен инфляциямен, жаһанданумен және төмен құбылмалылықпен сипатталатын нарықтар циклі мен парадигмасының аяқталғанын атап өтті. Олардың пікірінше, қаржы нарықтары инфляция тәуекелі дефляцияға қарағанда үлкен қауіп төндіретін жаңа цикл қарсаңында тұр. Сондықтан инвесторлар активтерді әртараптандыруды ұлғайтуға, оның ішінде нақты активтерге салымдардың үлесін ұлғайтуға тиіс.