Ұлттық Банктің негізгі мақсаты – қазақстандықтардың күнделікті тапқан табысы мен жинаған қаржысын құнсызданудан қорғау, деп мәлімдеді бас банк төрағасы Ғалымжан Пірматов Хабар24 арнасына берген сұхбатында.
«Бағаның қатты өсуі, біріншіден, әрине, әлеуметтік жағдайы қиын отандастарымызға ауыр тиеді. Сондықтан қазір Қазақстанда ғана емес, бүкіл дүниежүзінде экономикалық өсудің баяулауына қарамастан, инфляцияны, бағаның өсуін азайту – бірінші орынға шығып отыр», деді төраға.
Оның айтуынша, қазір Ұлттық банк инфляция қарқынын бәсеңдету үшін қолдан келетін шараларды іске асырып жатыр.
«Сол себептен біздің елде де дәл қазір айтарлықтай қиын шешімдер қабылдауға тура келеді. Олай істемесек, ертеңгі күні халықтың жинаған қаржысы, зейнетақы қаржылары құнсызданып кету қаупі зор», деді Пірматов.
Оның айтуынша, ақшаның құнсызданудан қорғау үшін макроэкономикалық тұрақтылық керек. Ол үшін Үкімет пен Ұлттық Банк бірге жұмыс істеуі керек. Яғни, фискалдық және монетарлық саясаттар бір-бірімен қолма-қол жұмыс істеп, контрциклдық құзыреттерді ұстау керек.
«Қыстың қамын жазда ойла» деп айтады ғой. Сонда экономикамыз жақсы өсіп жатқан кезде қор жинап, қандай да бір дағдарыс болған кезде сол қор есебінен экономикамыздың өсуін әрі қарай қолдай білсеңіз – осы макроэкономикалық саясаттың негізгі мақсаты», дейді ол.
Бас банкирдің айтуынша, қазір баға қатты өсіп жатқан кезде ақша-кредит саясатын жеңілдетуге болмайды.
«Бұл, былайша айтқанда, егер дәл қазір біз базалық мөлшерлемені төмендететін болсақ, оны асау атқа жүгенсіз мінумен салыстыруға болады. Бағалар қатты өсіп жатқан кезде базалық мөлшерлемені төмендетсек, теңгенің депозиттегі тиімділігі төмендейді. Олай болса, артық ақшасы бар адамдар ол теңгелік депозитті ұстағысы келмей, оны жауып, не тауар, не доллар сатып алғысы келеді. Олай болса, экономикамызда долларландыру қаупі жоғарылайды. Артық сұраныс болған соң тауарлардың бағасы одан бетер өседі. Егер тауарлардың бағасы өсіп жатса, инфляция жоғарыласа, банктерге теңгемен несие беру тиімсіз болып қалады. Сол кезде экономикамызда несие беру күрт азайып кетеді. Сондықтан дәл қазір ақша-кредит саясатын жеңілдетуге болмайды», деді Ұлттық банк төрағасы.
«Қазір ұсыныстың шектелуінен баға көп жерде өсіп жатыр. Шынымен, осындай жағдайда базалық мөлшерлеме инфляцияға толығымен әсер ете алмайды. Алайда базалық мөлшерлеме экономикадағы сұранысты реттей отырып, қалай болса да инфляцияға өз септігін тигізеді. Экономика заңдарының бірі – ұсыныс пен сұраныстың байланысы. Егер қандай да бір тауарға сұраныс көп болса, ол тауарды бизнес жағынан өндіруге жағдай жасалады, яғни, тұтынушыларға сату үшін. Егер сол сұранысты ұсыныс дер кезінде қамтамасыз ете алмаса, баға өседі. Сондықтан Орталық банктің базалық мөлшерлемесі сол сұранысты реттеу арқылы инфляцияға, бағаның өспеуіне өз септігін тигізіп отыр. Былайша айтқанда, біздің базалық мөлшерлеме – сұраныс пен ұсыныстың алшақтығын қадағалап отыратын құрал», дейді.
Оның айтуынша, қазір бізге сырттан келген күтпеген жағдайлар қатты әсерін тигізіп отыр. Қыркүйек айының қорытындысы бойынша, жылдық инфляция 17,7 пайызға жетті. Айта кету керек, соңғы болып жатқан жағдайлардың ішінде, оның бірі – пәтерлерді жалға беру бағасының өсуі. Қыркүйек айының өзінде 13,1 пайызға өсті. Егер өткен жылғы қыркүйекпен салыстырсақ, 40,7 пайызға өсті де, осы жалғыз көрсеткіштің өзі 17,7 пайыздың ішінде 1,1 пайыз үлес қосып отыр.
«Дегенмен, енді бағалардың өсу қарқыны бәсеңдейді деп ойлаймыз, себебі сыртқы факторлардың көпшілігінің әсері төмендеу траекториясына түсті. Яғни, қанша дегенмен, сыртқы факторлар жайлап орнына келіп жатыр. Атап өтсем, азық-түлік тауарлары, шикізат бағасы, соның өсу қарқыны сәл де болса қалыптасып, орнына түсіп келе жатыр. Ал біз, Ұлттық Банк экономикадағы сұранысты қадағалау арқылы инфляцияны, бағаның өсуін қалпына келтіру үшін қандай да бір керек болған шешімдерді қабылдауға әрқашан дайын», деді төраға.
Сонымен қатар ол Ұлттық банктің экономиканы жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етуді тоқтататынын да айтты.
«Біріншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасымен дәл қазір Ұлттық Банк, Үкімет, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктермен бірлесіп жүйелі өзгерістерді талқылап, ұсыныстар дайындап жатыр. Ол ұсыныстардың көбі заңдарға өзгеріс енгізуді талап етеді. Екіншіден, өзіңіз жақсы айттыңыз, қолжетімді және тұрақты кредит. Бұл – өте маңызды мәселе. Кредит қолжетімді әрі тұрақты болуы үшін инфляция төмен болуы керек. Ал инфляция төмен болуы үшін макроэкономикалық тәртіп керек», дейді.
Пандемия кезінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ұлттық Банк Үкіметпен бірге несиелеу программаларына қатысып, экономиканы қаржыландыруға қатысты. Ол жағына келетін болсақ, мемлекет әрқашан бизнеске қайта-қайта көмекке келе беретін болса, онда кредиттің маңызы да жоғала бастайды.
«Біз бизнесті нарықтық шарттармен несие алуға ынталандыруымыз қажет. Әрқашан мемлекеттің көмегіне қарап отыратын бизнес, негізі, ұзақ мерзімде бәсекелестікке жарамай қалуы да мүмкін. Сондықтан біз үшін, мен айтқанымдай, макроэкономикалық тәртіп керек. Инфляцияны төмендетуіміз керек. Инфляцияны төмендетсек, нарық бойынша да несие қолжетімді және тұрақты болады. Осы бағытта жұмыс істегеніміз дұрыс. Сондықтан біз жоспарлап, біртіндеп жаңағы бағдарламалардан шығып жатырмыз», дейді Пірматов.
Ал Қазақстан экономикасының дамуына ықпал ететін факторлар туралы Ұлттық банк төрағасы былай деді:
«Біріншіден, макроэкономикалық тұрақтылық. Фискалды және монетарлық саясаттар қолма-қол жұмыс істесе, макроэкономикалық тәртіп болса, инфляция ұзақ мерзімде төмен болып тұрса, теңгемен несие алуға, ұзақ мерзімді инвестиция жасауға болады.
Қолайлы жағдайда, экономикалық өсім бар кезде қор жинақтап, сол қордың арқасында түрлі дағдарыстарды оңай еңсеруге болады.
Екіншіден, бізге, әрине, құрылымдық реформалар керек. Менің ойымша, мемлекеттің экономикадағы орнын азайту керек. Жеке кәсіпкерліктің өсуіне жағдай жасау керек. Бұл өндірісті әртараптандырып, өнімділгі жоғары салаларды дамытуға септігін тигізеді.
Үшіншіден, сот жүйесі мен құқық қорғау органдарына сенімді күшейту үшін институционалды реформалар керек. Осы үш мәселе жасалса, біздің қазақстандық бизнес ештеңеге алаңдамай, инвестиция жасап, еліміздің экономикасы ұзақ мерзімде әрі тұрақты өсер еді деп ойлаймын», дейді Пірматов..