Алайда, соңғы кездегі
Ұлттық банкке қос мандат беру туралы ұсыныс көп айтыла бастады. Әсіресе
депутаттар мен бизнес өкілдерінің Ұлттық банк тек қана инфляциямен емес,
сонымен қатар экономикалық өсімге де жауапты болсын деген пікірі жиі байқалады.
Қазіргі міндет –
инфляцияны тоқтату
Ұлттық банк басшылығы
қос мандат беру туралы пікірмен келіспейді. Республикалық басылымдардың біріне
берген сұхбатында Ғалымжан Пірматов Ұлттық банктің экономиканың өсуіне тікелей
әсер ететін немесе оны тікелей ынталандыратын тетіктердің жоқ екенін айтты.
«Әлемдік тәжірибеде, шынымен де, орталық банктердің қос
мандатты қолдану тәжірибесі бар. Алайда бұл инфляциясы бұрыннан төмен әрі
тұрақты дамыған елдерге ғана тән. Сондай-ақ көп жағдайда мұндай орталық
банктердің басты мақсаты – баға тұрақтылығын сақтау, ал экономикалық өсуді
қамтамасыз ету мандаты екінші орында қалады», деді.
Оның айтуынша, жоғары инфляция болып жатқан қазіргі кезде ақша-несие
саясатымен айналысу және қымбатшылыққа жол бермеу керек. Расымен, инфляциясы
тұрақты елдерде Ұлттық банк экономикамен айналысуға да мүмкіндік алуына болатын
шығар, дегенмен қымбатшылық қысқан кезде орталық банктің басты міндеті
инфляцияны тежеу болуы тиіс.
Ұлттық банк тәуелсіз
орган болуы тиіс
Нарықтағы ақша
массасының көбеюі инфляцияның төте жолы. Егер нарықта ақша көбейіп, тиісінше
ұлттық валюта арзандап кететін болса, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеру
арқылы қымбатшылыққа қарсы шара қабылдай алады. Ал егер Ұлттық банк
экономикалық өсімге де жауапты болса, онда ең алдымен бизнесті несиелендіру
үшін банктердің барынша мол несие беруіне жұмыс істейді. Бұл өз кезегінде ақша
массасын көбейтіп, инфляцияны одан сайын ушықтырады.
Ұлттық банктің
ақша-несие саясатына да, экономикалық саясатқа да жауапты болуы Қазақстан
секілді экономикада бірін бірі толықтырмайды, керісінше, біріне бірі қайшылық
туындатады. Басты себеп жоғарыда айтылғандай, инфляцияның күштілігі.
Екіншіден, орталық банк
ең бірінші кезекте тәуелсіз орган болуы тиіс. Егер экономикалық дамуға көңіл
бөліп, тиісінше бизнесті дамыту үшін арзан несие берумен айналысатын болса, ең
алдымен ұлттық валюта зардап шектеп. Ал инфляция қарқын алса, бизнеске берген
арзан несиенің өз құнын жоғалтып, экономикалық саясат зая кетеді.
Экономикамен кім
айналысуы керек?
Ұлттық банкке қос
мандат беру керек деушілердің басты аргументі батыстың бірқатар
мемлекеттеріндегі орталық банктердің қос мандатының өз жемісін беруі. Алайда,
егер инфляция үлкен проблема болмағанда эконмоикалық өсімді Ұлттық банкке
жүктеуге болатын шығар, бірақ қазіргі қымбатшылықпен бұл ұтымды қадам болмас
еді.
Сонымен қатар,
Қазақстан экономикасының өзіндік ерекшеліктерін де ескеру қажет.
Біріншіден, Қазақстан
экономикасы негізінен мемлекет тарапынан қаржыланлырылады. Жаңадан кәсіп
ашушыларға несие беру, бизнестің несиесін субсидиялау, баспанамен және көлікпен
қамту секілді кәсіпкерлікке және әлеуметтік мәселелерге бағытталған түрлі
бағдарламалар ел экономикасының негізгі қозғаушы күші екені жасырын емес.
Мемлекет банк несиесін толығымен немесе бір бөлігін субсидиялап отыр. Яғни,
бизнес тиісінше экономика нарықтық шарттармен қаржыландырып отыр деу қиын.
Экономиканы қолдауға жұмсалып жатқан қаражат онсыз да Ұлттық қордан аударылып
отыр. Үкімет еңбек өнімділігін дамыту арқылы экономиканы қолдап отыр деуге
келмейді.
Ұзақ мерзімде
экономкалық өсімді Үкімет қаматамасыз ету керек
Екіншіден,
экономикалық саясатқа Ұлттық банк жауапты болды дегеннің өзінде бұл
ұзақмерзімді дамуға ықпал етпейді. Қос мандатты қолдаушылардың айтуынша, Ұлттық
банк экономика өсіміне де жауапты болса, алдымен базалық мөлшерлемені
төмендетіп, нарықты арзан ақшаға толтырады. Дегенмен, біріншіден, қазіргідей
қымбатшылық кезінде арзан ақша одан сайын соққы болытынын айттық.
Екіншіден, базалық
мөлшерлемені төмендетіп, несие пайызын түсірді дегеннің өзінде бұл тек
қысқамерзімді нәтиже бермек. Эконмоика өсімі бәрібір жаңа өндірісті талап
етеді. Ол үшін ең алдымен еңбек өнімділігінің жоғарылығы мен жұмыспен қамту
қажет. Еңбек өнімділігі жұмыскерлердің біліктілігі, жемқорлықтың болмауы мен
кәсіпорындардағы технологияның замануилығына дейінгі көптеген факторларға байланысты.
Ал жұмыспен қамтуға
тоқталар болсақ, батыс елдерінде мүмкін жұмыспен қамту мен несие пайызы
арасында тікелей немесе жанама байланыс бар шығар. Ал Қазақстанда халықтың дені
тікелей мемлекеттік органларда, квазимемлекеттік органдарда, бюджеттік мекемелерде
еңбек етеді. Оған қоса жеке меншік кәсіпорындардың өзі несиені мемлекеттік
бағдарламалар арқылы мемлекеттен алатын болғандықтан, тіпті жеке бизнестің өзі
мемлекет арқылы қаржыландырылатындықтан, жұмыспен қамтушы ең негізгі орган
Үкімет болып қалмақ. Ал оны Ұлттық банкке аудару қисынсыз болатыны түсінікті.
АҚШ Федералды жүйесі
де инфляция мен жұмыссыздықтың біреуін таңдауға мәжбүр
Қос мандатты орталық
банктердің ең жарқын мысалы АҚШ Федералды резерв жүйесі. Оның міндеті
инфляцияны тоқтату және жұмыспен қамту арқылы экономикалық өсімді қамтамасыз
ету. Дей тұрғанмен, ФРЖ жұмыссыздық деңгейі бойынша нақты таргет, яғни мақсат қоймады.
Өйткені, бұл көрсеткіш басқа факторлармен қатар, ФРЖ ықпал ете алмайтын
монетарлық емес факторларға байланысты. Сондықтан ФРЖ ең жоғары жұмыспен қамту
деңгейін есептеу кезінде еңбек нарығының көптеген көрсеткіштеріне сүйенеді.
Жұмыссыздық пен
инфляцияны қатар қою қиын міндет. Әлемнің орталық банктері, соның ішінде АҚШ
Федералды резервтік жүйесі қолданатын модельдер Филлипс қисығы деп аталатынға
негізделген. Оған сәйкес жұмыссыздықтың төмендеуі инфляцияның өсуіне әкеледі:
жалақы және басқа да шығындар тез өседі және керісінше. Негізгі мөлшерлемені
төмендету экономиканы ынталандыруы мүмкін, бірақ сонымен бірге инфляцияның
жоғарылауына әкеледі.
Сондықтан бүкіл
әлемдегі инвесторлар ФРЖ өкілдерінің мәлімдемелеріне, әсіресе олардың
кездесулерінен кейін, бүкіл әлем бойынша мөлшерлемелерге әсер ететін
реттеушінің ақша-несие саясаты қалай өзгеретінін болжауға тырысады.
Сонымен, ФРЖ-нің 2021
жылғы желтоқсандағы мәлімдемесінен кейін белгілі экономистер Стивен Чечетти мен
Кермит Шонхольц жұмыссыздық деңгейі американдық орталық банк үшін негізгі
көрсеткіш болды деген қорытындыға келді. Ал соңғы 30 жылда жұмыссыздық өршіп
кетсе де ФРЖ үшін ең бастысы инфляция болған еді. Яғни, АҚШ орталық банкінің
өзі жұмыссыздық пен инфляция мәселесін бір уақытта қатар шеше алмайды, біреуін
құрбан етуі тиіс.