Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.
2022 жылдың басынан бері жылдық инфляция алғаш рет төмендеп, наурызда 18,1%-ды көрсетті. Инфляцияның төмендеуі – күтілген жағдай және Ұлттық Банктің болжамдарында ескерілген болатын. Айлық және базалық инфляция да төмендеуін көрсетті, бірақ әлі де жоғары қалпында қалып отыр. Ақпанда күрт төмендеп, наурызда қайтадан өскен инфляциялық күтулердің тұрақсыздық тәуекелі ішінара іске асты.
Осылайша, елдегі инфляциялық процестердің кейбір оң өзгерістері байқалып отыр, бірақ ол өзгерістің барлығы тұрақты түрде төмендеу сипатын білдіреді деп айтуға әлі ерте. Оң динамикаға қарамастан, инфляцияның айлық көрсеткіші әзірге нормадан едәуір асып тұр.
Болашақта инфляцияның төмендеуін тежейтін және оның жеделдеу тәуекелін арттыратын ішкі және сыртқы факторлар сақталып, ішінара іске асырылуда. Жанар-жағармай нарығында және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметтерінде баға белгілеудің мерзімі жеткен реформалары инфляциялық процестерге тікелей және жанама әсер ететін болады. Алайда, орта және ұзақ мерзімді кезеңде нарықтық бағалар экономика секторларының дамуына және инфляциялық процестердің жақсырақ болжануына оң әсер етеді.
Мемлекеттік шығыстардың ұлғаюы мен фискалдық қағидаларды уақытша ұстанбау да проинфляциялық факторларды күшейтеді.
Инфляцияның тұрақты төмендеу траекториясына қол жеткізу – біздің негізгі міндетіміз болып қалып отыр. Осыған байланысты Ұлттық Банк бұған дейін айтылған ұстанымына сәйкес, инфляциялық процестердің бәсеңдеуін қолдау мақсатында базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейде сақтау туралы шешім қабылдады. Біздің алдағы іс-әрекеттеріміз мамырда жаңартылған болжам нәтижесінде, оның ішінде жаңа деректер мен жанар-жағармай нарығындағы және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығындағы реформаның параметрлеріне байланысты болады.
* * *
БІРІНШІ. ИНФЛЯЦИЯ МЕН ИНФЛЯЦИЯЛЫҚ КҮТУЛЕР ДИНАМИКАСЫ
Ұлттық Банктің болжаған траекториясына сәйкес, наурызда жылдық инфляция 18,1%-ға дейін төмендеді. Бұл басқалармен қатар өткен жылғы жоғары базаның есептен шығуынан болды. Инфляцияның барлық компоненті бойынша да баяулау байқалады.
Сонымен қатар, оңтүстік өңірлердегі өнімнің шығынға ұшырауы мен үсік салдарынан жеміс-жидек пен көкөніс бағасының көтерілуі, сондай-ақ сұраныстың жоғары болуынан көлік қызметі құнының өсуі инфляцияның төмендеуін тежеді.
Биылғы наурызда азық-түлік инфляциясы айтарлықтай баяулап, 20,5%-ды құрағанымен, жалпы инфляцияға көптеп үлес қосуын жалғастырып келеді. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі 18,1%-ға дейін, қызметтер бағасының өсуі 14,4%-ға дейін баяулады.
Ақпан айындағы айлық инфляцияның біршама жеделдеуі бағалардың төмендеу трендін бұзған болатын. Алайда, кейін айлық инфляция 0,9%-ға дейін баяулады.
Базалық инфляцияның әртүрлі бағалаулары да бәсеңдеп келеді. Бірақ олар әлі де жоғары проинфляциялық ортаның сақталуын көрсетіп отыр. Мәселен, жеміс-жидек пен көкөніс өнімдеріне, реттелетін қызметтер мен қуат көздеріне баға өсімінің әсерін ескермейтін маусымдық факторлардан тазартылған жылдық базалық инфляция 19,9%-ды құрады. Дегенмен, ол тарихи орташадан жоғары қалыптасуын жалғасытырып келеді.
Инфляциялық күтулер қаңтар-ақпан айларында төмендегеннен кейін қайта қарқын алды. Күтілетін инфляцияның медианалық көрсеткіші 16,5% болды. Сауалнама деректері бойынша, инфляцияның негізгі факторлары – азық-түлік пен отын бағасының өсуі, сыртқы жағдай, теңгенің айырбастау бағамының динамикасы және жалақы мен зейнетақының өсуі. Жоғары және құбылмалы инфляциялық күтулер де – инфляцияның төмендеуін тежейтін негізгі факторлардың бірі.
ЕКІНШІ. ІШКІ ЭКОНОМИКАДАҒЫ ЖАҒДАЙ
Қазақстан экономикасы 2023 жылғы қаңтар-ақпан айларында 4,3%-ға өсті. Бұл Ұлттық Банктің осы жылға белгілеген 3,5-4,5% деңгейіндегі болжамдарына сәйкес келеді.
Нақты сектор 2,7%-ға, ал қызмет көрсету саласындағы іскерлік белсенділік 5,0%-ға өсті. Биылғы ақпан айында тұтыну тауарларын өндіру көлемі едәуір өсті. Құрылыс жұмыстарының құрылымында көп пәтерлі тұрғын үйлерді пайдалануға берудің артқаны байқалады.
Ішкі сұраныс – тұрақты. Бұл бөлшек тауар айналымының оң динамикасынан көрініп отыр.
Қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша, бөлшек тауар айналымы нақты мәнде
12,9%-ға өсті. Өткен жылдың төмен базасына қарамастан, автомобиль, электрлік тұрмыс техникасы, азық-түлік өнімдері мен киім-кешек сату да бөлшек тауар айналымының ұлғаюына әсер етті.
ҮШІНШІ. СЫРТҚЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОНЪЮНКТУРА
Сыртқы инфляциялық қысым әлсірегеніне қарамастан, жоғары қалпын сақтап отыр. Азық-түліктің әлемдік бағасы төмендеп келеді. Алайда ол соңғы бес жылдағы орташа мәндерден жоғары қалыптасуда. Осыған байланысты Америка Құрама Штаттарында және Еуропалық Одақ елдерінде тұтынушылық инфляция жоғары деңгейде қалып отыр. Еуропа Орталық Банкі инфляцияны жоғары мәндерде ұзағырақ қалады деп күтеді. Осыған байланысты Федералдық Резервтік Жүйе мен Еуропа Орталық Банкінің риторикасы банк секторындағы проблемаларға қарамастан, күшейтілген қалпында қалып отыр.
Дегенмен, Америка Құрама Штаттары мен Еуропа банк секторындағы проблемалар мұнай бағасының динамикасына әсер етті. Осылайша, әлемдік экономиканың рецессияға ұшырау және шикізатқа сұраныстың төмендеу тәуекелдерінің күшеюіне байланысты мұнай бағасы 2023 жылғы базалық сценарийдегі орташа есеппен барреліне 88 доллар деңгейінен сәл төмен қалыптасты. Осыған қарамастан, мұнай бағалары қалпына келе бастады. Ал осы жылы мұнай бағалары Қытайдағы сұраныстың жақсаруынан және ОПЕК+ саясатынан қолдау табады.
2023 жылғы ақпанда ФАО азық-түлік бағаларының индексі өсімдік майы мен сүт өнімдері бағасының арзандауы, сондай-ақ астық пен ет құнының аздап төмендеуі нәтижесінде 0,6%-ға түсті. Аталған азық-түлік бағалары төмендеді, алайда қант бағасы қарқын ала өсті.
Баяулағанына қарамастан, әлі де жоғары қалпында тұрған инфляцияға байланысты ірі орталық банктер ақша-кредит шарттарын күшейтуді жалғастырды. Америка Құрама Штаттарының Федералды Резервтік Жүйесі соңғы отырыста мөлшерлемені 4,75%-5,0% диапазонына дейін 25 базистік тармаққа, Еуропа Орталық Банкі – 3,5%-ға дейін 50 базистік тармаққа көтерді.
* * *
Еліміздің инфляциялық процестеріндегі біз күткен кейбір оң трендтерге қарамастан, инфляция тұрақты төмендеп келеді деп айтуға әлі ерте.
Тәуекелдер балансы проинфляциялық жаққа ығысқан күйін сақтап отыр. Бұған жоғары және қысқа мерзімді баға шоктарына сезімтал инфляциялық күтулер ықпал етеді.
Сонымен қатар реттелетін тауарлар мен қызметтерге бағаның өсуі нәтижесінде инфляцияның жеделдеу тәуекелі іске асырыла бастады. Мемлекеттік бюджет шығыстарын елеулі түрде қайта қарау және бюджеттік қағиданы пайдалануды уақытша тоқтата тұру қосымша проинфляциялық қысым тудыруда.
Жоғарыда көрсетілген тәуекелдерді, инфляцияның динамикасын және оның болжамдарға сәйкестігін ескере отырып, Ақша-кредит саясаты комитеті бірінші жартыжылдықта базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейде ұстау қажеттігі туралы бұған дейін де айтылған позициясын ұстанады. Бұл басталған инфляциялық процестердің біршама баяулауын қолдауға, бюджет шығыстарының өсуінен болатын инфляциялық қысымды азайтуға және инфляциялық күтулердің жоғары деңгейде тұрақтануының алдын алуға мүмкіндік береді.
Базалық мөлшерлеме бойынша бұдан кейінгі шешім жаңа деректердің, соның ішінде біздің 2023 жылғы мамыр айында болжамды жаңарту кезіндегі ескеретін реформа параметрлерінің шығуына тәуелді болады. Біз жанар-жағармай бағасының өсуінен болатын инфляцияға тікелей әсерге қатысты іс-шара қолдануды жоспарламаймыз. Сонымен қатар, монетарлық саясат бойынша шешім қабылдау кезінде біз қосымша әсерлерді, соның ішінде байланысты тауарлар бағасының өзгеруін, инфляциялық күтулерді мұқият қадағалап, талдайтын боламыз.
Айтылған инфляциялық тәуекелдерді ескере отырып, Ұлттық Банк ағымдағы ақша-кредит жағдайларын сақтауды жалғастырады.