Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті 2023 жылғы 16 қаңтардан бастап базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.
Алдыңғы шешімде біз базалық мөлшерлемені көтеру циклін аяқтауға жақындап, жаңа проинфляциялық шоктар болмаса, ақша-кредит саясатын күшейту ықтималдығын төмен деп бағалағанымызды білесіздер, деп мәлімдеді бас банк басшысы Ғалымжан Пірматов.
Жылдық және айлық инфляция да, экономикалық өсу динамикасы да базалық болжам траекториясы шегінде қалыптасып отыр. 2022 жылдың желтоқсан айындағы жылдық инфляцияның артуы алдыңғы шешімде ескерілген болатын. Осыған байланысты Ақша-кредит саясаты комитетінің соңғы отырысында базалық мөлшерлемені қайта қарау қажеттілігі болған жоқ.
Алайда, тәуекелдер балансы әлі де жоғары инфляция жағына ығысқан. Инфляцияның орнықты бөлігі мен тарихи максимумды жаңартқан инфляциялық күтулер бұрынғыдай алаңдаушылық туғызып отыр. Логистикалық жеткізу жолдарының құрылымдық өзгеруі де экономикаға кері әсер етуде.
Инфляция траекториясын төмендету және оны сол күйінде ұстап тұру – біздің негізгі міндетіміз. Инфляцияның жоғарылауына себеп болатын негізгі тәуекелдер мен факторлар базалық мөлшерлемені ұзақ уақыт ішінде ағымдағы деңгейлерде ұстап тұруды талап етеді.
Енді қабылданған шешімге түрткі болған факторлар туралы ақпаратқа тоқталып өтейін.
Инфляция мен инфляциялық күтулер динамикасы
нфляция болжамдық траекториямен қалыптасуда. Тұтыну бағаларының айлық өсуі баяулап, былтыр желтоқсан айында 1,2%-ды құрады. Еске сала кетейін, айлық инфляция қыркүйекте – 1,8%-ды, қазанда – 1,6%-ды, қарашада – 1,4%-ды құраған. Бірақ айлық инфляцияның төмендеуіне қарамастан, ол орташа жылдық мәндерден асып (соңғы 5 жыл ішінде орташа алғанда желтоқсанда - 0,7%), жоғары күйінде қалды.
2022 жылдың желтоқсан айындағы жылдық инфляция 20,3%-ды құрады. Азық-түлік тауарлары мен азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы ең жоғары өсімді көрсетті. Ақылы қызметтердің инфляциясы өзгеріссіз қалды, оған тұрғын үйді жалдау құнының төмендеуі және реттелетін бағалардың баяу өсуі әсер етті.
Инфляцияның орнықты бөлігінің жоғары болып қалуы да алаңдаушылық тудырып отыр. Бұл проинфляциялық ортаның сақталуын көрсетеді. 2022 жылдың соңындағы маусымдық факторды ескермегендегі базалық инфляцияның жылдық көрсеткіші 22,2%-ды құрады.
Инфляциялық күтулердің қарқыны басым. Олардың мәні желтоқсан айында сауалнама жүргізілген сәттен басталған уақыт ішіндегі максимумды жаңартты. Инфляцияны медианалық бағалау 21,3%-ды құрады. Сауалнама деректері бойынша, азық-түлік бағасының өсуі, сыртқы жағдай мен отын бағасы инфляцияның өсуіне себеп болды. Жоғары инфляциялық күтулер инфляцияның болашақта баяулап, төмендеуіне себеп болуы мүмкін.
Ішкі экономика факторлары
Экономиканың өсу траекториясы базалық сценарийге сәйкес қалыптасуда.
Ұлттық статистика бюросының алдын ала бағалауына сәйкес, 2022 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім 3,1%-ға артты. Іскерлік белсенділіктің өсуіне негізінен елдің тауар өндірісіндегі оң динамика себеп болды. Ең көп өсуді құрылыс саласы көрсетті – 9,4% және рекордтық астық жинау аясында ауыл шаруашылығы – 9,1%. Қызмет секторы бойынша сауда, көлік және байланыс салаларында өсу байқалды. Осыған байланысты 2022 жылы жалпы ішкі өнімнің өсуі Ұлттық Банк бағалауының жоғарғы шегіне жақын қалыптасты.
2022 жылы үй шаруашылықтарының сұранысы оң динамикасын сақтағанмен, өсу қарқыны баяу болды. Бұған халықтың нақты кірістеріне теріс ықпал еткен жоғары инфляция себеп болды.
Тұтынушылық кредиттеудің өсуі де сұранысқа әсер етті. 2022 жылғы қараша айының соңында тұтынушылық кредиттер жыл басынан бастап 7,6 трлн теңгеге дейін 24,1%-ға ұлғайды. Ірі банктердің маркетингтік акциялары тұтынушылық кредиттеудің өсуіне ықпал етті. Осыған байланысты бөлшек сауда айналымының динамикасы тұрақты өсу қарқынын көрсетеді.
Сыртқы экономикалық жағдай
Алдыңғы шешімде болжанғандай, сыртқы инфляциялық орта әлсіреуде.
Жыл басынан бастап түрлі тауар нарықтарындағы құбылмалылық күшейіп келеді. Мұнай нарығында Brent маркалы мұнайдың белгіленген бағасы 1 баррель үшін 80 долларға жуық деңгейге дейін 7%-ға төмендеді. Қысқа мерзімде коронавирусқа шалдыққандардың көбеюіне алып келген Қытай шекарасының ашылуы мұнай бағасының құбылуына себеп болды. Алайда, Қытайдың шектеулерді алуы ұзақ мерзімді перспективада әлемдік экономиканың өсуіне түрткі болуы мүмкін. Көптеген ірі елдердің өнеркәсібіндегі іскерлік белсенділіктің төмендеуі, АҚШ пен Еуропадағы рецессия тәуекелдеріне байланысты алаңдаушылықтың өсуі де мұнай бағасының өзгеруіне ықпал етті. Эмбарго енгізілуіне орай Ресейден мұнай жеткізудің төмендеуі және ОПЕК елдерінде мұнай өндірудің қысқаруы жөніндегі келісімге байланысты мұнай бағасының құлдырауына жол берілмеді.
Азық-түліктің әлемдік бағасы ақырындап төмендегенмен, жоғары күйінде қалып отыр. 2022 жылдың сәуір айынан бастап ФАО азық-түлік бағасының индексі қысқарып келеді, желтоқсанда 1,9%-ға қысқарды, бұл өсімдік майы, дәнді дақылдар мен ет бағасының төмендеуіне байланысты. Жылдық мәнде индекс 1%-ға төмендеді.
Сыртқы инфляциялық ортаның жеңілдеуіне қарамастан, дамыған елдердің ірі орталық банктері қатаң монетарлық саясатты жүргізуде. АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі мен Еуропа Орталық Банкінің соңғы шешімі мөлшерлемелерді 4,5%-ға және 2,5%-ға көтеру болды.
Осындай жағдайлар мен қысымның әлсіреуіне байланысты әлемдік энергетика мен тауар нарықтарында ұзақ уақыт ішінде алғаш рет тұтынушылық инфляция баяулады. Сауда серіктестері болып табылатын елдердің көбінде инфляция баяулауда. Қытайдағы инфляция желтоқсан айында 1,8%-ды құрады. Еуроодақта тұтынушылық инфляция энергия бағасының төмендеуінен 2022 жылғы қараша айында 11,1%-ға дейін баяулады. Ресейде инфляция 12,0%-ға дейін баяулады.
Осы факторлардың барлығы Қазақстандағы инфляцияға төмендету ықпалын тигізеді.
Инфляция болжамды траекторияға байланысты қалыптасуына қарамастан, проинфляциялық тәуекелдер сақталуда. Инфляцияның негізгі тәуекелдері:
- сауда құрылымының өзгеруі;
- жеделдеген инфляциялық күтулер;
- жоғары азық-түлік инфляциясының сақталуы;
- әкімшілік реттеу кезеңінен кейін реттелетін тауарлар мен қызметтер инфляциясының артуы;
- Украинадағы соғысқа қатысты белгісіздік.
Әлемдегі ықтимал рецессия кезінде сыртқы сұраныс біз болжағанға қарағанда төмен болуы мүмкін. Логистика шарттары да белгісіздік тудырып отыр. Мұның барлығы мұнай бағасының болашақтағы деңгейіне, экономиканың өсу траекториясына ықпал етуі мүмкін.
Инфляция базалық сценарийге сәйкес қалыптасатынын ескеріп, тәуекелдер балансын назарға ала отырып, Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені көтеру циклінің аяқталуға жақындағаны туралы ұстанымын сақтайды. Жаңа шоктар болмаса базалық мөлшерлемені одан әрі арттыру әлеуеті шектеулі.
Инфляциялық күтудің жоғары деңгейде тұрақталуының проинфляциялық тәуекелдерін ескере отырып, базалық мөлшерлемені ұзақ уақыт бойы ағымдағы мәнде ұстап тұру талап етіледі. Ақша-кредит саясатын жеңілдету инфляция мен инфляциялық күту тұрақтанған кезде мүмкін болады, бұл орта мерзімді перспективада нысаналы бағдарға жетуге мүмкіндік береді.