Ұлттық банк айырбас пунктерінде доллардың азайғаны туралы айтты
Ақпарат құралдары валюта айырбастау пунктерінде доллардың азайып кеткенін хабарлаған еді.

"Шетел валютасына сұраныс компаниялар тарапынан ғана емес, халық тарапынан да өсті. Бұл белгілі бір дәрежеде халықтың валюта сатып алу белсенділігін күшейткен бір доллар үшін 430 теңге белгісіне дейін жетуіне және соңғы күндері теңге әлсіреуінің ағымдағы үрдісіне байланысты орын алды", деп мәлімдеді Ұлттық банк.  

Банктік және банктік емес айырбастау пункттері арқылы қолма-қол валютаны сатып алу, сондай-ақ ЕДБ онлайн-платформалары арқылы қолма-қол ақшасыз валютаны сатып алу көлемі ұлғайды. Бүгінгі таңда онлайн режимде өтетін айырбастаудың көлемі өте үлкен. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап айырбастау пункттеріне қойылатын талаптар күшейтілгеннен кейін биыл 1 қарашадағы жағдай бойынша, банктік емес айырбастау пункттерінің саны шамамен 40%-ға қысқарды.

Банктік емес айырбастау пункттері қолма-қол шетел валютасын екінші деңгейлі банктерден сатып алады. ЕДБ айырбастау пункттері тарапынан сұраныстың артқанын атап өтті, мәселен, егер биылғы үшінші тоқсанда айырбастаушылар тарапынан сатып алудың орташа айлық көлемі 280 млн долларды құраса, қазан-қарашаның бірінші жартысында оның көлемі 380 млн долларға дейін өсті.

Сұраныстың өсуі биржадағы валюта бағамдары мен айырбастау пункттеріндегі валюта бағамдары арасындағы айырмашылықтың (спред) артуына алып келгенімен, қолма-қол доллардың жетіспеушілігі байқалмайтынын атап өтемін. Айырбастау пункттеріне сату көлемін және сату бағамын банктер дербес белгілейді. Нарықтық бағам қалыптасуы жағдайында жоғары сұраныс пен шектеулі ұсыныс шетел валютасының тапшылығына емес, теңге бағамының осы сұраныс пен ұсынысты теңгеретін деңгейге дейін әлсіреуіне алып келеді.   

Нарықтың құбылмалылығы жағдайында дамушы елдер валюталарының, оның ішінде теңгенің әлсіреуіне байланысты қазіргі жағдай уақытша сипатқа ие екенін және сыртқы теріс фонға сай әсер болып табылатынын түсіну қажет. Кешегі сауда-саттықтың жабылу қорытындысы бойынша, экспорттаушы дамушы елдердің валюталары мұнай бағасының өсуі аясында біршама нығайды.

Экономикалық белсенділіктің тұрақты қалпына келуі және импорттың өсуі – шетел валютасына сұраныс көлеміне әсер ететін объективті факторлар. Шетел валютасын ұсыну көлеміне тікелей әсер ететін теңгерімді фактор мұнай бағасы болып табылады.

Көптеген сарапшылардың пікірінше, мұнай нарығы кейбір елдердің қара алтынның стратегиялық қорларын сату ниетіне «асыра жауап берді» және энергия тасымалдаушылардың бағасы тым төмендеп кетті. Жаңалықтардағы мұнай нарығындағы кешегі айтарлықтай түзету АҚШ тарапынан стратегиялық мұнай қорларын нақты сату – нарық күткеннен аз болғанын көрсетуі осыған дәлел бола алады.

Сонымен қоса, ОПЕК+ белгіленген мұнай бағасының қысымына және елдердің стратегиялық қорларды әлеуетті пайдалануына жауап ретінде мұнай өндіру көлемін ұлғайту жоспарын қайта қарауға дайын екенін мәлімдеді, бұл мұнай нарығын ұстап тұрады, тиісінше теңгеге де қолдау көрсетеді.