Ұлттық Банктің төрағасы Ғалымжан Пірматов Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің отырысын өткізді, деп хабарлайды Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Басқосуда Қазақстан Ұлттық Банкі қаржылық тұрақтылықтың негізгі тәуекелдері мен осал факторларын кешенді талдау және бағалау нәтижелерінен тұратын 2021 жылғы қаржылық тұрақтылық туралы есебінің қорытынды нәтижесі қаралып, бекітілді.
"Ұсынылған Есепке
сүйенсек, 2021 жылы карантиндік шектеулерді жеңілдету – іскерлік белсенділіктің
өсуіне ықпал етіп, оның экономикалық өсу перспективаларына да оң әсері болды.
Дегенмен, жеткізу тізбегінің толық
қалпына келмеуі және энергия шикізаты бағасының жоғары болуы инфляциялық
қысымның күшеюіне алып келді. Соның әсерінен экономикасы дамыған елдерде
ақша-несие саясатының күшеюі, мемлекеттік қарыз деңгейінің өсуі және бюджет
тапшылығы жаһандық сын-қатерлерге айналды", деп жазады бас банк.
Ұлттық банк мәліметінше, мемлекеттік қаржының теңгерімсіздігі фискалдық саясат үшін негізгі тәуекел болып қала береді. Бұл бюджет шығынтары мен мұнайдан тыс кірістер арасында сақталып отырған тым жоғары алшақтықтан-ақ көрінеді. 2014 жылдың аяғында мұнай бағасының төмендеуі мұнай секторынан түсетін қосымша үстеме табыстың азаюына себеп болды. Бұл, өз кезегінде, ұзақ уақыттан бері Үкімет қолындағы таза активтердің төмендеуіне алып келді. 2021 жылдың соңына қарай таза активтер ЖІӨ-ге шаққанда ең төменгі мәнге жетті (ЖІӨ-нің 10,2%-ы – мемлекеттің таза активтері, ЖІӨ-нің 4,8%-ы – мемлекеттік таза активтер).
Мемлекеттік қаржының теңгерімділігі мен орнықтылығын
арттыру мақсатында Бюджет кодексіне енгізілген фискалдық ережелерді сақтау
маңызды. Олар Ұлттық қор активтерінің сақталуын қамтамасыз етеді және бюджет шығынтарының
шамадан тыс өсуін тежейді.
Сонымен бірге, 2021 жылы COVID-19-дан кейін экономикалық өсудің қалпына келуі аясында қаржы ұйымдардың несие беруін көбейтті. Банктердегі несие портфелінің өсімі 27,9%-ға жетті. Олар негізінен, жеке тұлғаларға (40,9%) және ШОБ субъектілеріне (29,2%) берілген жаңа несие. Банктердегі несие портфелінің сапасы корпоративтік және бөлшек портфельде айтарлықтай жақсарды.
Сондай-ақ, нақты сектор
кәсіпорындарының, әсіресе, COVID-19 кезеңінен кейін қолайсыз жағдайларға байланысты корпоративтік портфель сапасының төмендеу мүмкіндігі әлі де сақталып отыр. Сонымен бірге, бөлшек портфельдің өсімі экономикалық ахуал қиындаған кезде қосымша мәселе туындатуы мүмкін.
Банктік емес сектордағы
тәуекелдерді төмендету, оның ашықтығын арттыру және қаржылық қызметтерді
тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында 2021 жылдан бастап реттеу периметріне
енгізілген микроқаржы ұйымдары (МҚҰ, кредиттік серіктестіктер және ломбардтар)
да банк секторынан өзге экономикадағы маңызды кредиторлардың бірі саналады.
2021 жылы депозиттердің долларлану деңгейі 2020 жылғы деңгеймен салыстырғанда 39%-дан 37%-ға төмендеді. Бұл процесс биыл да жалғасты (мамырда – 33%).
Айта кетейік, Кеңес отырысына Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов, Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова қатысты.
Есеп мына сілтемеде: https://nationalbank.kz/kz/news/otchet-o-finansovoy-stabilnosti/rubrics/1815