Ведомство басшысы Ерлан Ақкенженов алдын ала бағалау бойынша Каспий құбыр консорциумына шабуылдан келген тікелей және жанама шығындар 14 млрд теңгеге жетуі мүмкін екенін, өтемақының нақты мөлшері жыл соңында белгілі болатынын айтты.

Бұл ретте Ақкенженов төрт миллион тонна мұнай жоғалту туралы ақпаратты жоққа шығарды. Оқиға жылдық жоспарлы индикаторларға жетуге айтырлықтай әсер еткен жоқ. Шабуыл салдарынан Қазақстанға өндіруді уақытша 480 мың тоннаға дейін қысқартуға тура келді.

«ВПУ-2-де 2,5-тен 3 метрге дейінгі үлкен тесік бар. Бұл тесік осы нысанға бағытталған жарылыстың нәтижесінде пайда болды. Қазір сүңгуірлер осы ВПУ-дың қалқымалылығын қалпына келтіру бойынша барлық жұмыстарды жүргізіп жатыр», – деді Ақкенженов.

Айта кетсек, Каспий құбыр консорциумының Ресейдің Новороссийск қаласындағы теңіз терминалының әкімшілік корпусы дрон шабуылы салдарынан зақымданып, мұнайды экспортқа тиеу тоқтаған еді. Одан кейін бір күннен соң теңіз терминалында экспортқа мұнай тиеу қайта басталғаны хабарланды.

29 қарашада Ресейдің Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалына экипажсыз қайықтармен жасалған шабуыл салдарынан екінші жүк тиеу-қабылдау құрылғысы зақымданды. ҚР Энергетика министрлігінің КҚК теңіз терминалындағы жағдайға арналған ресми түсініктеме беріп, мұнай экспорттауға КҚК-дан басқа жол іздеп жатқанын мәлімдеді.