Украинадан Қазақстанның 50 жүк көлігі шыға алмай тұр

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде қазіргі жағдайдағы халықаралық жүк тасымалы мәселелері бойынша жедел кеңес өтті. 

Жиынға халықаралық автомобиль тасымалдаушылары одағы (ҚазАТО), «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және KazLogistics өкілдері, сондай-ақ Украина аумағында қалып қойған автомобильдердің басым бөлігі тиесілі отандық тасымалдаушы қатысты.

Жиналыс барысында жүк тасымалдаушылары мен жүк автомобильдерінің жүргізушілеріне көмек көрсету бойынша қабылданып жатқан және алдағы уақытқа жоспарланған шаралар талқыланды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, оқиғалардың басталуына дейін Украина аумағында 50-ге жуық қазақстандық жүк автокөлік құралы болған. Оларды ел аумағынан шығару үшін тасымалдаушылардың тізімі жасалды. Аталған тізім ҚР Сыртқы істер министрлігіне берілді.

Сондай-ақ ҚР ИИДМ Польша мен Молдованың мемлекеттік органдарына машиналар мен жүргізушілерден қосымша құжаттарды талап етпей, рұқсаттама ұсыну мәселелері бойынша жүгінді. Айта кеткен жөн, 28 ақпан күні ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев қазақстандық тасымалдаушылардың Украинадан шығуы үшін «жасыл дәліз» ұйымдастыру жөнінде уәкілетті органдармен келіссөздер жүргізген болатын.

Нәтижесінде бүгінгі таңда 3 қазақстандық жүк көлігі «Роварусская» өткізу пункті арқылы Украина-Польша шекарасын кесіп өтті. Қазіргі уақытта тағы 8 көлік Украина-Молдова шекарасынан «Старокозаче-Тудора» өткізу пункті арқылы өтеді. Қалған қазақстандық жүк автомобильдерін шығару бойынша жұмыс жалғасатын болады.

Кеңес барысында тасымалдаушыларға бірқатар ұсыныс жасалды. Атап айтсақ:

- жүргізушілерді Украинаның батыс бөлігі арқылы Польша мен Молдова шекараларына бағыттау (елдің аталған аумағында жағдай тұрақты және өткізу пункттері ашық);

- көлік құралдары Киев пен Киев облысына жақын жерде болған жағдайда оларды жағдай тұрақталғанға дейін қоймалар, көпірлер мен басқа да құрылыстардан қауіпсіз қашықтыққа жылжытып, орналастыру.

Сонымен қатар тасымалдаушылардың назарына Беларусь шекарасы арқылы «жасыл дәліз» ашу мәселесінің пысықталып жатқаны туралы ақпарат жеткізілді.