Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен шикізатты теміржол арқылы тасымалдау тарифтері төмендемек.

Өңірлердегі азық-түліктің қымбат болуының бір себебі – жеткізу шығындары. Әсіресе, мұны шалғай ауыл тұрғындары қатты сезінеді: дүкендегі бағаның жоғары болуы көбіне тауардың өзінен емес, оны жеткізу құнынан болады.

Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді.

Оның айтуынша, тиісті бұйрық жобасы қазір мүдделі мемлекеттік органдармен келісу кезеңінде.

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндірушілері үшін астық тасымалына жеңілдетілген тариф енгізу мәселесі де жеке пысықталуда. Кәсіпорындар тізімі әкімдіктермен келісіліп, «Қазақстан темір жолы» компаниясына жолданды», – делінген жауапта.

Жұмангариннің айтуынша, көлік шығындарын субсидиялаудың жеке тетігі әлі де қосымша пысықтауды қажет етеді. Ол үшін қаржыландыру көздерін, елді мекендер тізімін, тауар түрлерін, операторларды және қаржының жұмсалуын бақылау механизмдерін анықтау керек.