Үкімет қарызын жабу үшін қарыз алып отыр — Ақ жол депутаттары

Үкімет қарызын жабу үшін қарыз алып отыр — Ақ жол депутаттары

Мәжілістегі Ақ жол демократиялық партиясы фракциясы Үкімет пен Жоғары аудиторлық палата ұсынған 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерді сынға алды.

Фракцияның мәлімдеуінше, Үкімет бұрын жариялаған жоспарларынан ауытқып, 2025 жылы да Ұлттық қордан алынатын қаражат көлемін жоғары деңгейде сақтаған. Өткен жылы қордан 5,3 трлн теңге тартылған. Сонымен қатар пайдаланылмаған нысаналы трансферттерді қорға қайтару жүзеге аспай, оның орнына көшелерді абаттандыру, саябақтар мен ауылдық клубтар салу секілді 200-ден астам жоба қаржыландырылған.

Депутаттар салық түсімдерінің жоспары 1,1 трлн теңгеге орындалмағанын, ал Үкіметтің 2026 жылға тиесілі салықтарды алдын ала жинау және экспорттаушыларға ҚҚС қайтаруды кейінге қалдыру тәжірибесін жалғастырғанын атап өтті. Мұндай шаралардың көлемі 1 трлн теңгеден асқан.

Фракция мемлекеттік қарыз мәселесіне де назар аударды. Мәліметке сәйкес, 2025 жылы жаңа қарыздардың 51%-ы бұрынғы міндеттемелерді өтеуге жұмсалған. Ал Қазақстанның сыртқы борышы жыл соңында шамамен 182 млрд долларға жетіп, бір жылда 10,4%-ға өскен.

«Ақ жолдың» мәліметінше, бюджет саясатының теңгерімі де бұзылған. 2025 жылы әлеуметтік салаға 10,1 трлн теңге бөлінсе, экономиканың нақты секторын қолдауға небәрі 2,2 трлн теңге жұмсалған.

Сондай-ақ депутаттар Самұрық-Қазына мен Бәйтерек секілді квазимемлекеттік құрылымдардың қызметіне қатысты ашықтықтың жеткіліксіз екенін айтты. Олардың дерегінше, 2025 жылы квазимемлекеттік секторды қаржыландыруға шамамен 5 трлн теңге бағытталған, ал сектордың бюджетке төлеген дивидендтері бір жылда бес есеге төмендеген.

Фракция мемлекеттік қаражаттың ірі көлемі Парламенттің толық бақылауынсыз жұмсалып жатқанын айтып, ұлттық компаниялар мен қорлардың шығыстарын алдын ала парламенттік талқылаудан өткізу қажеттігін ұсынды.

Соған қарамастан, депутаттар 2025 жылғы нәтижелерге бюджет тапшылығы мен форс-мажорлық жағдайлардың әсер еткенін атап өтті. Фракция Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның есептерін қабылдауды қолдап, айтылған ескертулер мен ұсыныстарды ескеруге шақырды.