Ауылдарды көркейтуге 1,3 трлн теңге бөлінеді.

"Алдағы төрт жылда ауылдық жерлерді дамытуға 1,3 трлн теңге бөлінеді, соның ішінде "Ауыл – Ел бесігі" бағдарламасы бойынша 670 млрд теңге қарастырылған. 2025 жылға дейін 3,5 мың ауыл қаржыландырылады", дейді Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.

Министрдің айтуынша, бұл қаражатқа ауылдардың бәрі 100% сумен және жоғарысапалы интернетпен қамтамасыз етіледі.

"24 млн шаршы метр үй салынады. Жергілікті жолдадың 95%-ы жақсы сапада болады. 10 мың шақырым ауыл іші жолдары салынады. 12 мың шақырым инженерлік желілер жаңартылады", – деді.

Ерғалиевтің мәліметінше, ауылдағы білім беру сапасын арттыру үшін 5 мың мектеп жөнделіп, 315 мектеп жаңадан салынады. 3-6 жас аралығындағы балалар 100% балабақшамен қамтылады.

"1 мыңнан астам медициналық нысан салынады және жаңартылады. 1,7 мың спорт нысаны мен 1,5 мың мәдениет нысаны салынады", – деді министр.

Ауыл шаруашылығы саласы бойынша жалпы құны 4,5 трлн теңгеге 934 инвестициялық жоба қолға алынады.

"600 мың гектар жерді айналымға енгізу жаңадан 70 мың отбасылық шаруашылық құруға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігі 2,5 есе артады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көрсеткіші 70% жетіп, экспорт екі есе өседі. жеті ірі экожүйені құрудың арқасында 1 млн азаматтың табысы артады. Жаңадан 500 мың жұмыс орны ашылады", – деді министр.