Үкімет отырысында тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі шаралар қаралды.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың хабарлауынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 15,4 млн шаршы метр тұрғын үй салынды, тұрғын үй құрылысына инвестициялар өткен жылмен салыстырғанда 16,8% өсіп, 2,9 трлн теңгені құрады. Биыл 15,3 млн шаршы метр тұрғын үйді, соның ішінде мемлекеттік қолдау есебінен пайдалануға беру жоспарланған. Бұл ретте кезекте тұрғандарға жылжымайтын мүлік сатып алуға жеңілдетілген несие және жалдауға субсидиялар беру көзделген.
Сонымен қатар көппәтерлі тұрғын үйлерді күрделі жөндеу бойынша жұмыс жалғасуда. Бүгінгі күні күрделі жөндеуді қажет ететін кондоминиум объектілерінің үлесі 31,1% дейін төмендеді. Кейбір өңірлерде тұрғын үй қорының жоғары тозуы сақталуда. Атап айтқанда, Абай облысында – 67%, Батыс Қазақстан облысында – 63,9%, Ақмола облысында – 59,2%, Жетісу облысында – 52,6% және Алматы қаласында – 52,4%. Жалпы, былтыр 11 өңірінде 215 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Апатты жағдайдағы тұрғын үй иелерінің мәселелерін шешу және елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында бұзылатын үйлердің тізбесін айқындай отырып, қабылданған реновациялау бағдарламалары өзектендірілетін болады. 2029 жылға 1500 үйді бұзу және 40 мың меншік иесінің тұрғын үй мәселелерін шешуді қамтамасыз ету жоспарланған, оның ішінде биыл 3 мыңнан астам меншік иесін қамтитын 120 көппәтерлік тұрғын үй бар.
Елдің коммуналдық секторын дамыту мақсатында сумен, жылумен жабдықтау, су бұру жүйелерін салу және реконструкциялау жұмыстары жалғасып жатыр. Аталған желілердің жалпы ұзындығы 129 мың шақырымды құрайды (жылумен жабдықтау – 14 мың км, сумен жабдықтау – 98 мың км, су бұру – 17 мың км).
2022 жылдың қорытындысы бойынша түрлі қаржыландыру көздері есебінен 3 мың шақырымға жуық желі жаңғыртылды. Нәтижесінде желілердің жалпы тозуы 53%-дан 51%-ға дейін төмендеді. Биыл шамамен 2 мың шақырым желіні жаңғырту арқылы желілердің жалпы тозу көрсеткішін 50%-ға дейін, ал 2029 жылы 40%-ға дейін төмендету жоспарлануда.
Индустрия және инфрақұрлымдық даму министрінің айтуынша, сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік қалаларда 98,4%, ауылдық елді мекендерде 94,5% құрады. Жамбыл облысының (91,9%) қала тұрғындары және Қостанай (79,6%), Ақмола (89,8%), Солтүстік Қазақстан облыстарының (84,6%) ауыл тұрғындары үшін сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік төмен екені байқалады. Осы жылдың қорытындысы бойынша 5 қала және 192 ауылдық елді мекен сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізетін болады.
Өңірлерде ТКШ инфрақұрылымын жаңғырту туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов баяндады.
Премьер-Министр тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың әлеуметтік және экономикалық маңызы өте зор екенін атап өтті. Өткен жылы 130 мыңнан астам отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартты. Жалпы, елімізде тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары орындалды. Бірақ 2021 жылмен салыстырғанда өсу қарқыны біршама төмендеді
«Биыл 15,3 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен төмен. Негізгі проблема – қажетті инфрақұрылымның болмауы. Мысалы, елордада инфрақұрылым мен энергоресурстардың жетпеуінен алдағы жылдары жаңа тұрғын үй салу көлемі біршама төмен жоспарланып отыр», — деді Әлихан Смайылов.
Ол мемлекет басшысы Астананы дамыту жөніндегі кеңесте мұндай проблемаларды шешу үшін инженерлік инфрақұрылымды жүйелі жоспарлау және кешенді түрде дамыту қажет екенін атап өткенін айтты.
Премьер-Министр мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған тұрғын үйлердің мәселесіне жеке тоқталды. Отырысқа қатысушыларға сапа стандарттарына сәйкес келмейтін аулалардың фотосуреттері көрсетілді.
«Мұндай үйлердің қай өңірде салынғанын айтпай-ақ қояйын. Бірақ, барлық жерде – осындай көрініс! Балалардың ойын алаңына қараңыздар! Жолдардың жағдайы қандай? Бұл не, қалыпты нормаға айналған ба? Әкімдер бюджет қаржысына салынған үйлерге ревизия жасап, барлық кемшіліктерді жоюы керек. Құрылыстың сапасын қатаң бақылауға алу қажет», — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында шұғыл әрі сапалы шешуді қажет ететін мәселелер көп. Сонымен қатар жауапты мемлекеттік органдардың жұмысында да халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуде кемшіліктер бар. Кезекте тұрғандарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарының сапасыз жоспарлануын да бөлек алып қарауға болады.
«Салынып біткен тұрғын үйлерін ала алмай жүрген азаматтардан шағымдар көптеп түсуде. Себебі, Отбасы банкінде жеңілдікпен несие беруге қажетті қаражат жоқ. Жұмысқа бұлай салғырт қарауға болмайды», — деді Әлихан Смайылов.
Айтылғандарды есепке ала отырып, Премьер-Министр кезекте тұрғандарға жалдау ақысын субсидиялау жөніндегі шаралардың тиімділігіне қосымша талдау жүргізіп, нақты ұсыныстар енгізуді, сондай-ақ кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету кезінде мемлекеттік қолдаудың барлық бағыттарын уақытылы қаржыландыруды тапсырды.
Әлихан Смайылов өңірлерде құрылыс маусымын уақытылы бастау үшін тиісті жер учаскелерін алдын ала бөлу, жобалық құжаттаманы әзірлеу және қажетті инфрақұрылымды жүргізу маңызды екенін атап өтті.