2024 жылдың алғашқы екі айында жеке тұлғалар Қазақстан бойынша жер сілкінісі және басқа да апатты тәуекелдер кезінде 855 жылжымайтын мүлікті сақтандырды. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде тек 482 нысан сақтандырылып, өткен жылмен салыстырғанда 77,3 пайызға өскен. Жеке тұлғалардың мүлікті сақтандыру деңгейі бүкіл ел бойынша әлі де өте төмен болып қалып отыр.
«Бүгінгі күні Қазақстанда барлық жылжымайтын мүліктің 2%-дан азы сақтандырылған. Еліміздің 40 пайызға жуығы сейсмикалық аймақта орналасқанымен, азаматтар сақтандырудың маңыздылығына әлі де мән бермейді. Қаңтардағы Алматыдағы жер сілкінісі көпшілікті полис сатып алу туралы ойлануға мәжбүр етті, соған қарамастан біздің байланыс орталығына хабарласқандардың 6-7 пайызы ғана келіп, мүлкін сақтандырды», – деп түсіндіреді «Евразия» СК басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Жантөреев.
Сонымен қатар, бизнес жылжымайтын мүлікті апатты тәуекелдерден қорғауға аса жауапкершілікпен қарайды. Қаңтар-ақпан айларында заңды тұлғалар арасында апаттық тәуекелдерден мүлікті сақтандыру шарттарының саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,1%-ға өсті. 2023 жылдың екі айында заңды тұлғалардың өндіріп алған жарналарының мөлшері жеке тұлғалардың келісім-шарттары бойынша жиналған сыйлықақылардан 740 есе асып түсті, 2024 жылдың екі айында алшақтық 593 есеге дейін азайғанымен, өте жоғары деңгейде қалып отыр.
«Алматыдағы соңғы рет болған жер сілкіністері сақтандыруға қызығушылықты арттырды, бірақ базалық әсердің төмен болуына байланысты өсімге қол жеткізілді. Тұрғын жылжымайтын мүліктің басым көпшілігі ипотекалық несиелеу шеңберінде сақтандырылған. Жалпы, ерікті мүліктік сақтандырудың ену деңгейі өте төмен күйінде қалып отыр және Алматыда немесе басқа да ірі елді мекендерде жойқын жер сілкінісі болған жағдайда мемлекетке, оның бюджеті мен резервіне орасан зор салмақ түседі», – деп түйіндеді «Евразия» СК өкілі.
Сақтандырылған тұрғын үйлер саны бойынша Астана көшбасшы болып табылады, оның үлесіне жаңа сақтандыру шарттарының жартысы – 50,4% келеді. Алматының үлесі небәрі 14,85 пайызды құрады. Әдетте, жылжымайтын мүлікті сақтандыру шарты 12 айға жасалады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2023 жылдың аяғында Қазақстанда барлығы 2,52 миллион жылжымайтын мүлік нысаны, оның ішінде 307,9 мың көппәтерлі тұрғын үй тіркелген. Оның 170,28 мыңы Алматы қаласында, 267,1 мыңы Алматы облысында – еліміздің жер сілкінісіне ең қауіпті аймақтарында орналасқан.