2021 жылдың алғашқы он айы қорытындысы бойынша республикада 11,6 млн шаршы метр үй салынды. Көрсеткіш былтырғыдан 8% көп.
Өңірлер бойынша құрылыс ең көп жүріп жатқан астана (2,3 млн шаршы метр), одан кейін Алматы қаласы (1,4 млн шаршы метр) және Маңғыстау облысы (954,1 мың шаршы метр).
Жалпы, ел бойынша жыл басынан бері 32,43 мың жер үй мен 1032 көппәтерлі үй салынды. Салынған пәтерлер саны 98,9 мың.
Құрылыс қарқынына қарамастан, Қазақстан үймен қамту бойынша әлі де артта. БҰҰ стандарты бойынша адам басына 30 шаршы метрден үй болу керек. Қазақстанда жан басына шаққанда баспана көлемі 22 шаршы метрден.
Жыл басынан бергі он айда үй құрысына 1,9 трлн теңге инвестиция салынды. Көрсеткіш былтырғыдан 27,5% көп. Осы қаражаттың 76,6%-ы бизнестің өз ақшасы. Соның ішінде 554,7 млрд теңге үлескерлік әдіспен салынған халықтың өз ақшасы.