Өткен жылы қабылданған тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі заңнамаға түзетулердің нәтижесінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан ведомствоаралық кеңес құрылды, деп мәлімдеді Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.
Сонымен қатар, тұтынушылардың құқығын қорғау саласындағы уәкілетті органға мемлекеттік бақылау жүргізу функциялары берілді; тұтынушылардың құқығын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді; тұтынушылардың шағымдарын қараудың 3 сатылы жүйесі құрылды.
Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша тұтынушылардың өтініштерін қабылдаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі e-tutynushy қолданысқа енгізілді. Оның міндеті — тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың барлық шараларын бір жерге шоғырландыру және құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді қорғау мақсатында тұтынушының кез-келген ақпаратқа тез және кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз ету.
Тұтынушылардың құқығын бұзу туралы азаматтардың өтініштері санының өсуі осы саладағы проблемалардың бар екендігін ғана емес, сонымен бірге тұтынушылық мәдениет деңгейінің біртіндеп артуын да көрсетеді.
Мәселен, егер Министрлік 2019 жылы 5 977 өтінішті қарастырса, 2020 жылы олардың саны 20 919-ға өсті, ал осы жылдың 10 айы бойынша көрсеткіш өткен жылдың көлемінен асып түсті.
«Өтініштердің өсуінің ұқсас жағдайы өзге мемлекеттік органдар бойынша да байқалады. Мәселен, 2019 жылы мемлекеттік органдарға шамамен 30 мың өтініш түсті, 2020 жылы – 48 876, биылғы жылдың 6 айында 26 161 өтініш қаралды», — деді Б. Сұлтанов.
Тұтынушыларды толғандыратын мәселелер, жалпы, жылдан жылға қайталанып келеді: бұл ТКШ, бөлшек сауда, медициналық, туристік қызметтер, байланыс, көлік қызметтері салалары.
«Сауалнама нәтижелері бойынша ел тұрғындары келесі салада көрсетілген қызметтерге қанағаттанбады: медициналық қызметтер 46%, байланыс қызметтері 36%, қалалық қоғамдық көлік 35,7%. Көріп отырғанымыздай, жекелеген салалардағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласының проблемалары жүйелі сипатқа ие», — деді Б. Сұлтанов.
Министрлік тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша жұмысты бастады.
Біріншіден, заңда коммерциялық емес ұйымның ұйымдық-құқықтық формасында Ұлттық тұтынушылар қауымдастығының мәртебесін заңнамалық бекіту мәселесі пысықталуда.
Екіншіден, заңнамаға енгізілетін түзетулер аясында Омбудсмен институты енгізіледі, ол халықтың дауысы ретінде қызмет етеді және тұтынушылардың құқықтары бұзылатын салалардың қазіргі жүйелі проблемаларын мемлекеттің бірінші тұлғаларына тікелей жеткізеді.
Әлеуметтік сауалнама нәтижелері бойынша сауалнамаға қатысқан 20 мың респонденттің 56%-ы Ұлттық тұтынушылар қауымдастығын және Омбудсмен институтын құру мәселесін қолдаған. Осыған ұқсас институттар Германияда, Швейцарияда, Швецияда, АҚШ-та және басқа елдерде бар екенін атап өткен жөн.
Үшіншіден, тұтынушылардың құқығын қорғау жүйесінің базалық қағидаттарын тұтынушылардың құқығын қорғау туралы салалық заңнамаға тарату.
Төртіншіден, қоғамдық бірлестіктердің тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне тұтынушыға өтелетін сомадан сыйақы есептеу туралы заң нормасын реституциялау қажеттігі туралы тілектері назарға алынды.
Бесіншіден, электрондық сауда сегментінде тұтынушылар құқықтарының бұзылуына жол бермеу мақсатында құқықтық реттеуді жетілдіру ұсынылады.
«Күн сайын әрбір қазақстандыққа кезігетін өзекті мәселелерді шешуге бағытталған әлеуметтік маңызды заң жобасы әзірленуде. Қазіргі уақытта тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері жөніндегі заң жобасы тұжырымдамаларының жобалары Ашық НҚА интернет-порталында орналастырылып, мемлекеттік органдарға келісуге жолданды», — деп толықтырды Б. Сұлтанов.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляковтың айтуынша, агенттіктің негізгі міндеттерінің бірі — қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың мүдделерін қорғаудың тиісті деңгейін, тұтынушылар үшін қаржы ұйымдарының қызметі және олар көрсететін қаржылық қызметтер туралы ақпараттың толықтығын және қолжетімділігін, сондай-ақ қаржылық сауаттылық және халық үшін қаржылық қолжетімділік деңгейін арттыруды қамтамасыз ету.
«Қаржы қызметтерін тұтынушылардың мүдделерін қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ету үшін заңнамалық деңгейде қаржы ұйымдарына ұсынылатын қаржы өнімдері туралы реттеушіге хабарлау талабы белгіленген, нарық субъектілерінің директорлар кеңестерінің ұсынылатын қаржы қызметтеріне арналған мөлшерлемелер мен тарифтердің шекті шамаларын бекіту міндеті енгізілді. Сондай-ақ тұтынушылардың қаржы операциялары бойынша міндеттемелерді бұзғаны үшін есептелетін тұрақсыздық айыбының (айыппұлдар мен өсімпұлдардың) шекті мөлшерлері айқындалды», — деді О. Смоляков.
Профильдік заңдармен қаржы ұйымдары үшін тұтынушының қаржылық қызметті таңдау жөніндегі құқығын шектеуге тыйым салынған, одан бөлек қаржы ұйымдары мен тұтынушылар арасындағы өз міндеттемелерін орындау бойынша дауларды, оның ішінде қаржы омбудсмені институты арқылы шешу тәртібі реттелген.
Тұтынушылар үшін қаржы ұйымдарының қызметі және олар көрсететін қаржы қызметтері туралы ақпараттың толықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында заң аясында бұл туралы ақпаратты қаржы ұйымының интернет-ресурсында орналастыру міндеттілігі белгіленген.