2022 жылғы маусымда инфляция жылдық есептеуде – 14,5%, бір айда 1,6% құрады, деп хабарлайды Статистика бюросы.

2022 жылғы маусымда азық-түлік тауарларының бағасы өткен жылғы маусыммен салыстырғанда 19,2%-ға өсті, азық-түлікке жатпайтын тауарларға 13,2%-ға, ақылы қызметтерге 9,2%-ға көтерілді.

Азық-түлік нарығында баға жылдық мәнде құмшекерге – 78,7%, қырыққабатқа – 72,4%, басты пиязға 69,3% өсті. Картоп бағасы 9,8% төмендеді.

2022 жылғы маусымда (2021 жылғы маусымға) азық-түлікке жатпайтын тауарлардың баға өсімі 13,2% құрады.

Баға деңгейі жеке қолданылатын тауарларға – 23%, жуу және тазалау заттарына – 20,8%, тұрмыс құралдарына – 19,7%, құрылыс материалдарына – 18,6%, жиһаз және үйге қажетті заттарға – 18,2%, автомобильдерге – 15,1%, ыдыс-аяққа – 13,9%, тоқыма бұйымдарына – 10,8%, фармацевтикалық өнімдерге 9% өсті.


Бір жылда (былтырғы және биылғы маусымға) ақылы қызметтер бағасы 9,2% өсті.

Баға деңгейі қоғамдық тамақтандыру қызметтеріне – 15,9%, денсаулық сақтау қызметтеріне – 14,7%, санаторий қызметтеріне – 13,7%, кешенді демалу ұйымдарына – 13,2%, шаштараздар бен жеке қызмет көрсету орындары қызметтеріне – 12%, қонақ үй қызметтеріне 5,7% өсті. Жолаушылар көлігі қызметтері 4% қымбаттады.

Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында тарифтер электр қуатына – 7,5%, қоқыс шығаруға – 2%, тарату желілері арқылы тасымалданатын газға 1,4% жоғарылады, ал орталықтан жылытуға – 2,3% және ыстық суға 0,9% төмендеді.

Бюро ай сайын инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткішін есептейді. Жалпы алғанда 508 позиция бойынша қызметтер мен тауарлардың тарифтер мен баға өзгерісі бақыланады. Бағаларды тіркеу барлық облыс орталығында, астанада және қалалар мен аудан орталықтарының белгілі бір шеңберінде әртүрлі меншік нысанындағы сауда және қызмет көрсету саласы кәсіпорындарының іріктемелі желісі бойынша жүргізіледі.

2022 жылғы қаңтардан бастап, тұтыну бағаларының индексін есептегенде азық–түлік тауарларының үлесі – 40,7%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 30,2%, ақылы қызметтер – 29,1% құрады.