Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің 2026 жылы болуы мүмкін су тапшылығына дайындалып жатқанын және суды көп қажет ететін дақылдардың егіс алқабын қазірден бастап қысқартып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты. Көшеров жағдайдың көрші елдердегі жауын-шашынға байланысты екенін атап өтті.
«Егер қыста Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстанда қар мен жаңбыр жеткілікті жауатын болса, тапшылық болмайды. Олай болмаса, су тапшылығына тап боламыз. Біз бұған дайынбыз», — деді ол.
Өңір әкімінің айтуынша, Түркістан облысы суды ең көп қажет ететін дақылдардың бірі – күріштің егіс алқабын айтарлықтай қысқартқан.
«Өткен жылы күрішті 6,6 мың гектарға ексек, биыл – 3,5 мың гектарға ектік. Біз мұны фермерлердің бәріне түсіндірдік», — деді әкім.
Ол өңірдің су үнемдеу технологияларына жедел қарқынмен көшіп жатқанын мәлімдеді.
«Биыл біз 59 мың гектарға тамшылатып суаруды енгіздік. Келесі жылы тағы 50 мың гектарға енгіземіз», — деді Көшеров.
Әкімнің деректері бойынша, облыстағы каналдардың 76%-ы нашар күйде.
«Біз жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз және тозу көрсеткішін 50%-ға дейін төмендетеміз. 2030 жылға қарай 1,2 млрд текше метрге дейін суды үнемдеуге мүмкіндік туады», — деді облыс әкімі.