© 2016 - 2024 Naryk.kz авторлық және жанама құқықтар сақталған.

Түркістан облысының туризмі инвестицияны ақтайтын түрі жоқ

Бизнес | 01 қараша 2021

Соңғы екі жылда Түркістан облысына бұрын-соңды салынбаған көлемде қаржы құйылды. 2019 жылға дейін облыстың туризм саласына (өнер, көңіл көтеру және демалыс саласы) салынған қаражат 8 млрд теңгеден аспаса, 2020 жылы көрсеткіш бірден 125,3 млрд теңгеге жетті. Биыл да көрсеткіш өсіп келеді. 2021 жылдың тоғыз айы қорытындысы бойынша салынған қаражат 80,8 млрд теңгені құрады. Салыстыру үшін айта кетейік, республиканың қалған 16 өңірінің осы саласына салынсған қаражат көлемі 86 млрд теңгені құрады. Яғни туризм саласына салынған қаражаттың тең жартысы бір ғана Түркістан облысына тиесілі, деп хабарлайды finprom.kz.

Алайда осыншалықты ауқымды инвестицияның қайтарымы болатыны күмәнді. Жұмыс нәтижесі бойынша Түркістан облысы республикадағы артқы өңірлердің бірі. Мысалы, биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша туризм саласында ең көп қызмет ұсынған өңір Алматы қаласы. Оңтүстік астананың ішкі туризмі 447,2 мың адамға қызмет көрсетті. Екінші орында астана (289,5 мың) одан кейін Ақмола облысы (165,9). Түркістан облысы бар болғаны 9-шы орынға табан тіреді. Облысқа 94,7 мың ғана турист барған.

Облыс енді ғана қалыптасып келе жатыр, басқа облыстарда туризм бұрыннан жолға қойылған деушілерге мына деректі ұсынамыз. Туризмнің өсім қарқыны бойынша облыс алғашқы үштікке де кірмейді.

Сонымен қатар Түркістан облысы шетелдік туристер үшін де танымал емес. 2021 жылдың алғашқы 6 айы қорытындысы бойынша облысқа бар болғаны 870 шетелдік турист келген. Бұл республика бойынша ең нашар көрсеткіштердің бірі. Салыстыру үшін айтар болсақ, Алматыға 54,2 мың, Нұр-Сұлтанға 34,9 мың, Қостанай облысына 5,5 мың турист келген.

Жалпы, республика бойынша биылғы қаңтар-маусым аралығында туризм саласы бойынша көрсетілген қызмет көлемі 44,6 млрд теңгені құрады. Көшбасшылар Алматы қаласы (11,2 млрд теңге), Нұр-Сұлтан (8,3 млрд теңге) және Ақмола облысы (4,5 млрд теңге). Түркістан облысы 9-орында 1,8 млрд теңге.