Мемлекеттік бағдарламалар бойынша жалдамалы немесе несиеге берілетін баспана кезегінде тұрған 642 мың азаматтың 244 мыңы инвентаризациядан өтті. Отбасы банкінің басшысы Ләззат Ибрагимова біршама азамат пәтері бар болған соң кезектен шығарылғанын айтты.

Оның сөзінше, банк 642 мың адамнан тұратын жалпы базаға SMS және қоңырау шалу арқылы деректерді жаңарту туралы сауал жолдаған. Қазіргі таңда 244 мың адам инвентаризациядан өтіп, бағдарлама талаптарына толық сай екенін дәлелдеді. Алайда 55 мыңнан астам адамның атында пәтер бар екені анықталғандықтан, олар кезектен шығарылған. Егер адамның атына пәтер тіркелген болса немесе оның жұбайымен бірге ортақ меншікте үйі болса, мұндай азамат кезекте тұра алмайды. Сонымен қатар тексеріс барысында адамдардың баспанада қандай да бір үлесі бар жағдайлар көптеп кездескен.

«Ол үлес туыстарынан немесе ата-анасынан мұраға қалуы мүмкін. Тіпті кейбір адамдар өздерінің үлесі бар екенін де білмеген — ол бала кезінде жекешелендіру шарттары бойынша берілген екен. Біз жағдайды талдап, бұл мәселені шеше алдық. Егер сіз кезекте тұрсаңыз және баспанада үлесіңіз (жетіден бір, үштен бір немесе жартысы) болса, сіз мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатыса аласыз. Тек «үлесті» «ортақ меншікпен» шатастырмауды сұраймыз», — деп атап өтті Ләззат Ибрагимова.

Тұрғын үй кезегінде тұрған және пәтерде немесе үйдің бір бөлігінде үлесі бар азаматтар мемлекеттен берілетін жеңілдікті ипотека мен жалға берілетін баспана алу құқығын сақтап қаладыОтбасы банкі үлестік меншігі бар кезектегілерге қатысты тәсілді өзгерткенін хабарлады. Енді баспанада тіпті азғантай үлестің болуы кезектен шығаруға немесе мемлекеттік қолдау шараларынан бас тартуға негіз болмайды.

Естеріңізге сала кетсек, желтоқсанда  мемлекеттен тұрғын үй алу кезегінде 642 мың азамат тұрғаны, алайда, олардың тек 14%-ы ғана пәтер алуға құқығын растау үшін жаңартылған деректерді ұсынғаны хабарланған еді.